Сот Рахат Тұрлыхановтың ісі бойынша материалдарды прокурорға қайтарды

Фото: Freepik

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты істі қарады.

Іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі бойынша (Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер) қаралды.

Хаттамаға сәйкес, Т. үйінде жұбайымен жанжал шығарып, оны қорлап, қорқытып, айқайлап, үйдегі тыныштықты бұзған.

– Сот қаулысымен іс материалдары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 742-бабына сәйкес, жәбірленушінің құқық қорғау органдарына жүгінген кезде дене жарақатын келтіру туралы бастапқы арызын ескере отырып, қылмыстық іс ретінде жазаланатын әрекет белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін прокурорға және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жолданды, - делінген Алматы соты таратқан хабарламада.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Рахат Тұрлыханов әйеліне тағы қол көтергенін жазғанбыз.

Алматы Полиция департаментінің мәліметінше, Медеу ауданында болған отбасылық жанжалға байланысты түскен шақырту бойынша полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жеткен. Кейін жанжалға қатысқан тараптар мән-жайды анықтау үшін аудандық полиция басқармасына жеткізілген.

Әйел әуелде өзіне күш қолданылғанын айтқан. Алайда кейінірек мұны жоққа шығарып, отбасылық жанжал бойынша арыз жазған.