Заң жобасы бойынша келіспеушіліктерді еңсеру үшін қос палата арасында келісім комиссиясы құрылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы тәуелсіз және объективті сот-сараптама қызметін қамтамасыз ету үшін тиісті заңдарға өзгерістер енгізуді қарастырады. Бұдан басқа, сот-сараптама қызметіне қатысты қолданыстағы заң сот-сараптамасын өндіру мен белгілеу шараларын көздейді. Мәжіліс мақұлдаған жобаны талқылау барысында сенаторлар сот-сараптама қызметіне қатысты мәселелердің ішінде ұйымдастыру және ғылыми әдістемелік шаралар жөніндегі жайттар реттелмегенін алға тартып, сот-сараптама органы жетекшісінің міндеттерінің тізіміне тағы қосымша міндеттер енгізуді ұсынған болатын.
Мәжілістегі талқылау барысында сенаторлардың ұсынған 7 түзетуіне келісім білдіріліп, 1 ұсыныс бойынша келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, аталған құжатқа ілеспе заң жобасы болып табылатын «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сенаторлардың енгізген түзетулері де талқыланды. Ол құжат бойынша жоғары палата депутаттары енгізген 2 түзетуге қатысты келісім комиссиясын құру қажеттілігі туындады. Осыған орай, палата тарапынан келісім комиссиясының құрамына депутаттар сайланды.