Сот сараптамасы: Қазақстан Түркиямен және Қытаймен ынтымақтастықты нығайтады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астанада сот төрелегі жүйесіндегі сот сараптамасы тақырыбында халықаралық конференция басталды. Осы орайда Қазақстан бірқатар елмен өзара меморандумды бекітті.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Бүгінгі халықаралық конференция Қазақстандағы сот сараптамасы жүйесінің 75 жылдығына орай ұйымдастырылды. Басты мақсат – халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Осы орайда жиынға 11 мемлекеттен делегация келді. Оның арасында бүгін 4 елмен (Қытай, Грузия, Түркия, Әзербайжан) меморандумға қол қоямыз. Бұл ынтымақтастық аясында аталған елдермен өзара жұмысымызды күшейтпекпіз. Атап айтқанда, сот сараптама қызметін халықаралық деңгейге көтеру ескерілген, - ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов.

Осы орайда ол Ресей, Қытай және Түркиямен бұл саладағы қарым-қатынас нығайтылатынын атап өтті. Конференцияның негізгі тақырыптары сот сараптамасын дамытудың заманауи бағыттарын, цифрлық активтер мен криптовалюталарды, жасанды интеллектті, сот-медициналық сараптаманы, есірткі заттарының сараптамасын және заманауи криминалистикалық технологияларды қамтиды.

ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев 75 жыл ішінде Қазақстанның сот сараптамасы саласында ауқымды өзгеріс болғанын, қазір бұл бағытта заманауаи сарапшылық жүйе қалыптасқанын атап өтті. Қазір бұл салада мыңнан астам жоғары кәсіби маман қызмет етіп жатыр. Сот сараптамасының 31 түрі бар және 60 сарапшылық мамандық бағыты қамтылған.

- Қазір сала мамандары өздерінің кәсіби деңгейінің арқасында отандық сот сараптамасы мектебін нығайтып келеді, - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында 14 жыл бұрынғы қылмыс ДНҚ сараптамасы арқылы ашылғанын жазған едік.