Сот шешімдерінің әділ әрі ашық болуы үшін барлық шараларды қолданып отырмыз - М.Әлімбеков

АСТАНА. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сот қызметкерлері мен ақпарат құралдары өкілдерінің басты міндеті - мемлекет пен қоғамға қызмет ету.

Аталмыш сала өкілдерінің қазіргі таңдағы байланыстары тап осы міндеттер негізінде қалыптасып отыр. Бүгінгі таңда сот әділдігін қамтамасыз етуді жариялы әрі ашық жүргізу, сот мәліметтерінің барынша қолжетімді болуы - Жоғарғы соттың басты стратегиялық бағыттарының бірі. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Сот билігі және БАҚ» тұрақты форумында Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның сөзіне қарағанда, сот органдарының ақпарат құралдарымен ықпалдастықты қалыптастырудағы маңызды мәселелердің бірі - өзара диалог. Бүгінде сот органдары өз шешімдерінің мейлінше әділ болуын қамтамасыз ету мақсатында қажетті шаралардың барлығын қолдануда. «Мысалы, Жоғарғы сот осыған дейін екі нормативті қаулы қабылдаған болатын. Онда сот шешімдерін жариялайтын электронды мұрағат қызметін жолға қою міндеті қарастырылған. Онда қазір 400 мыңнан астам сот актілері орналастырылған. Біз бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын талмай айтып келеміз», деді төраға.

 Оның айтуынша, қазір сот қызметін өзгелер тарапынан болжамдар мен жорамалдар жасауға жол бермейтіндей, нақты әрі түсінікті етіп жүзеге асыру қажет. «Қандай да болсын атқарылатын істің өзгелерге жария болып, өзгелер тарапынан бақылау болған жағдайда барынша таза болатындығы мәлім. Оның үстіне бұл жағдай өз ісіне немқұрайлы қарайтын азаматтардың қызмет бабын пайдалануға да жол бермейді. Біз бұны жақсы түсінеміз. Сондықтан мен сот қабырғасында өткен селекторлық мәжілістердің бірін тап осы мәселеге арнаған болатынмын. Онда елдегі барлық судьяларды барынша ашық  болуға және ақпарат құралдарының өкілдерімен барынша белсенді байланыста жұмыс істеуге шақырдым», деді М.Әлімбеков.