Сот шешімі: Google мен Meta әлеуметтік желідегі тәуелділік үшін $ 6 млн төлейді
АСТАНА. KAZINFORM – Лос-Анджелестегі алқабилер соты технологиялық корпорациялар Meta (Facebook және Instagram иесі) мен Alphabet-ті (Google және YouTube иесі) әлеуметтік желілерге тәуелділік салдарынан келтірілген психологиялық зиян үшін 20 жастағы қолданушыға өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды DW.
Bloomberg мәліметінше, сот шешімімен компаниялар қызға 4,2 млн доллар көлемінде өтемақы төлеуі тиіс. Бұдан бөлек, Meta мен Alphabet 1,8 млн доллар айыппұл төлеуге міндеттелді.
Талапкер сотқа YouTube пен Instagram платформаларының тәуелділік тудыратын ерекше дизайны салдарынан зардап шеккенін айтып жүгінген. Алқабилер компаниялар бұл платформаларды әзірлеу кезінде салғырттық танытып, пайдаланушыларды ықтимал қауіптер туралы ескертпеген деген қорытындыға келді. Bloomberg-тің ақпаратына сүйенсек, бұл шешім технологиялық алпауыттарды пайдаланушы келісімдері мен қауіпсіздік саясаттарын қайта қарауға мәжбүр етуі мүмкін. Дегенмен Meta мен Alphabet үкімге шағымданатынын мәлімдеді.
Сот процесі барысында талапкердің адвокаттары платформалардың мазмұнына емес, дәл олардың дизайнына назар аударды. Олар компаниялар қолданушыларды, соның ішінде балаларды, тәуелді етуге әдейі бағытталған шешімдер қабылдағанын дәлелдеуге тырысты және алқабилерді соған сендіре алды.
Өз кезегінде Meta заңгерлері талапкердің психологиялық мәселелері әлеуметтік желілерге емес, күрделі отбасылық жағдайға байланысты туындағанын алға тартты. Сонымен қатар TikTok пен Snapchat та бастапқыда жауапкер ретінде көрсетілген, алайда сот басталғанға дейін олар істі соттан тыс келісім арқылы жапқан.
Соңғы жылдары ірі технологиялық компаниялар кәмелетке толмағандар арасында тәуелділік тудыруы мүмкін платформалар дизайны үшін жиі сынға ұшырап келеді. АҚШ Конгресі әлеуметтік желілерді реттейтін федералдық заң қабылдамағандықтан, шектеулер көбіне жекелеген штаттар деңгейінде немесе сот шешімдері арқылы енгізіліп келеді.
2025 жылы АҚШ-тың шамамен 20 штаты кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерді пайдалануын реттейтін заңдар қабылдады. Сарапшылардың пікірінше, 2026 жылдың соңына дейін әлеуметтік желіге тәуелділікке қатысты тағы бірнеше маңызды сот шешімі шығуы мүмкін. Апта басында Нью-Мексико штатында алқабилер Meta компаниясын балаларға қауіп төндіргені үшін кінәлі деп таныған.
Соңғы бір жылда әлеуметтік желілерді балалар мен жасөспірімдерге пайдалануға тыйым салу немесе қатаң шектеу енгізу Аустралия, Франция, Испания, Португалия және Малайзияда жүзеге асырылды. Осындай заң жобалары Германия, Грекия, Дания, Норвегия және Словения парламенттерінде талқыланып жатыр.
Айта кетейік, Литвада 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу ұсынылды.
Ал Түркияда әлеуметтік желілерге қатысты талап күшейіп жатыр.