Сот шешімі: Трамп Ақ үйдегі бал залының құрылысын жалғастырады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Жоғарғы соты Ақ үйдің 400 миллион долларлық бал залының құрылысын жалғастыруға рұқсат берді. Бұл туралы Kazinform агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: dynamo.kiev.ua

Ұлттық тарихи мұраны сақтау қоры сотқа жолдаған талап арызында президенттің мұндай ауқымды құрылысты өз бетінше бастауға өкілеттігі жоқ екенін мәлімдеді.

Сот алқасы 5 судьяның қолдауымен, 4 судьяның қарсылығына қарамастан Трамп әкімшілігінің өтінішін қанағаттандырды. Нәтижесінде жобаның жерүсті бөлігінің құрылысын тоқтатуға тиіс төменгі инстанциялардың шешімдерін бұғаттады.

Алайда Жоғарғы соттың төрағасы, консерватор Джон Робертс ерекше пікір білдірген үш либерал судьяның ұстанымын қолдады. Ол Конгресс бұл жобаны мақұлдамағандықтан, «құрылыстың заңсыз болуы мүмкін» екенін айтты.

Ұлттық тарихи мұраны сақтау қоры президенттің құрылысты өз бетінше бастауға өкілеттігі жоқ екенін алға тартып, сотқа шағым түсірді.

Өткен күзде Трамп Ақ үйдің тарихи Шығыс қанатын бұзып, оның орнына бал залын салуды бастады. Ақ үй әкімшілігі жобаның негізгі бөлігі қараша айына дейін аяқталатынын, ал құрылыстың 2028 жылдың тамызында толық бітетінін мәлімдеді.

Жұма күні Жоғарғы сот судьялар жобаны толық тоқтатуды көздеген талап арызды қарап, аумағы 90 мың шаршы фут (8,4 мың шаршы метр) болатын бал залының құрылысын жалғастыруға уақытша рұқсат берді.

Дүйсенбіде жарияланған сот қаулысында құрылысты жалғастыруға рұқсат берген бес судья төменгі инстанциядағы соттар құрылысты тоқтату арқылы «өз өкілеттігін асыра пайдаланған болуы мүмкін» деп мәлімдеді.

Судьялардың көпшілігі Ақ үйдің Шығыс қанаты жобасының заңдылығы туралы шешім шығарған жоқ, бірақ тарихи мұраны сақтауға атсалысып жүрген ұйымның үкіметті сотқа беруге «процессуалдық құқығы жоқ» екенін атап өтті.

Судьялар Трамп әкімшілігі төменгі сатыдағы сот шешімінің күшін жоймаса, «өзі ұтылуы мүмкін» екенін дәлелдеді деген қорытындыға келді.

— Бүгінгі шешім билікті бөлу қағидатының жеңісі емес, — деп жазды бас судья Робертс өзінің пікірінде.

Сот шешіміне қатысты пікір білдірген Трамп негізсіз талап арыздың құрылысты тоқтата алмағанына қуанышты екенін жазды.

— Біз Американың алтын дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл ғимарат Вашингтонда бұрын-соңды салынған ең ұлы нысандардың біріне айналады, — деді ол.

Трамп Ақ үйге іс-шаралар өткізу үшін кеңірек орын қажет екенін бұрыннан айтып келеді. Соңғы уақытта ол мұндай нысанның өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажет екенін мәлімдеді.

АҚШ президенті сәуірде Ақ үй тілшілері қауымдастығының кешкі асы кезінде өзіне қастандық жасау әрекеті болды деген болжамнан кейін бал залын салу қажеттігін ерекше атап өтті. Алайда Ұлттық тарихи мұраны сақтау қоры бұл құрылыс тарихи нысанға орны толмас зиян келтіріп жатқанын айтты. Бұл ұстанымға Вашингтон тұрғыны, тарихи мұраны сақтау саласының маманы және қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі Элисон Хогландтың мәлімдемесі негіз болды.

Бұл аумаққа айына бір рет барып тұратынын айтқан Хогланд ұсынылған типтегі және ауқымдағы бал залы салынса, ғимараттың эстетикалық, мәдени әрі тарихи мүдделеріне нұқсан келетінін мәлімдеді.

Сот төрағасы Робертс өз пікірінде Хогланд айтқан деректердің талап арызды қарау үшін жеткілікті екенін атап өтті.

Бал залы мен Оңтүстік көгалда салынып жатқан тікұшақ алаңы — Трамптың Вашингтонның келбетін өзгертуге бағытталған ауқымды жоспарының бір бөлігі ғана.

Трамптың жоспарында Линкольн мемориалы маңындағы бассейнді қайта жаңарту және Париждегі Триумф қақпасынан да биік «Трамп қақпасын» тұрғызу бар.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президентінің Вашингтонда әлемдегі ең үлкен триумфальді қақпа салдыратынын хабарлаған едік. 

Ақзат Жиеналина