Сот ұйғарымын орындамаған БҚО білім басқармасының басшысы айыппұл төледі

Фото: Pixabay.com

ОРАЛ. KAZINFORM – Сот БҚО-ның білім беру ұйымдарында мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметтері бойынша мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар кезінде әкімшілік рәсімдердің бірізділігінің жоқ екенін анықтады.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, осылайша, апелляциялық сатыдағы сот алқасы төменгі сатыдағы соттың әлеуетті жеткізушінің талап-арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімінің күшін жойды. Талап-арызды қанағаттандыру және конкурс қорытындыларын қайта қарау туралы жаңа шешім шығарылды.

Сот талқылауы барысында конкурстық комиссияның әртүрлі білім беру ұйымдарында ұқсас конкурстық өтінімдерге балл қою кезінде қарама-қайшы шешімдер қабылдағаны белгілі болды.

Оған қоса мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын әртүрлі түсіндірген, конкурс бойынша құжаттардың толық топтамасы болмаған. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының өкілі соттарда құқықтық ұстанымды таңдауда әртүрлі конкурстар бойынша іріктеп және қарама-қарсы тәсіл қолданған.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот облыстық білім басқармасының басшысының атына мемлекеттік сатып алулар бойынша әкімшілік рәсімдердің бірізділігіне талдау жүргізу және кінәлі тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы жеке ұйғарым шығарды.

Бұдан бөлек, сот білім басқармасының мүддесін білдірген адвокатқа процессуалдық құқықтарды теріс пайдаланғаны, әртүрлі істер бойынша қарама-қайшы ұстаным ұстанғаны және сотты жаңылыстырғаны үшін 10 АЕК көлемінде (39 320 теңге) ақшалай өндіріп алу шарасын қолданды. Айыппұл төленді.

- Сол сияқты соттың жеке ұйғарымын орындамағаны және оған формалды жауап бергені үшін облыстық білім басқармасының басшысына 20 АЕК көлемінде (78 640 теңге) ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылды. Айыппұл төленді. Кейіннен соттың барлық талаптары тиісті талдау жүргізу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту арқылы орындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енді, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жер беруде заңнаманы бұзған әкімдік қызметкерлеріне айыппұл салынғанын жазған едік.