Сот Ж.Досқалиевтің мүлкін тәркілеп, қатаң режімдегі колонияға 7 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарды

АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мүлкін тәркілеп, қатаң режімдегі колонияға 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Сот Жақсылық Досқалиевті ҚР ҚК 5-бөлімі 311-бабында (аса ірі көлемде пара алу) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, ҚР ҚК 55 бабын қолдана отырып, мүлкін тәркілеп, қатаң режімдегі түзеу колониясына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Сонымен қатар сот Ж.Досқалиевті ҚР ҚК 1-бөлімі 377-бабы (лауазымын асыра пайдалану) бойынша да кінәлі деп таныды. Дегенмен ҚР ҚК 69 бабы бойынша мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатты.

«Ж.Досқалиевке қатысты үйқамақ шарасы тұтқындау шарасымен өзгертіліп, сот залында тұтқындалсын. Досқалиевтің 27 470 854 теңге, 449 358 АҚШ доллары және 2 005 еуро көлеміндегі ақшалай қаражаты, Астана қаласының «Қараөткел» шағын ауданындағы жер телімі, Астананың Мәскеу көшесі бойындағы үйдегі № 34,46,82 пәтерлері мемлекет кірісіне тәркіленсін», - деді Мейрам Жанғұтдинов.

Судьяның атап өтуінше, Ж.Досқалиевке жаза тағайындау кезінде сотта оның жасының ұлғаюы, алғаш реті сотталып отырғандығы, оң мінездемесі және отбасылық құрамы ескерілген.

Бұған дейін хабарланғандай, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев өзіне кесілген үкімге байланысты жоғары инстанцияға шағымданбақ.