Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заңға енгізілген өзгерістер мақұлданды - Мәжіліс

АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының cот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы ҚР Конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады.

Тоқтала кететін жайт, бұған дейін Мәжіліс мақұлдаған аталған заң жобасына Парламент Сенаты бірқатар өзгерістер енгізіп, құжатты кері қайтарған болаты. Мәжіліс осы өзгерістерді қарап, келісімін берді.

Аталған жоба еліміздің сот жүйесін жетілдіру мақсатында әзірленген және ҚР Президентінің құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру туралы Жарлығын жүзеге асыруға бағытталады. Тоқтала кететін жайт, елдегі реформаға сәйкес ҚР Жоғарғы сотының жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет таратылатыны белгілі. Осыған орай заң жобасында сот қызметін ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормалары қамтылып отыр. Сондай-ақ заң жобасымен Жоғарғы соттың төрағасына, аудандық және облыстық соттарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныстарды ҚР Президентіне ұсыну жөніндегі өкілеттік беріледі. Құжат бойынша судьяның орнынан түсу нысанында қызметінен босату үшін қосымша талаптар көзделеді және судьяның орнынан түсуін тоқтата тұру институты енгізіледі.

Сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына бірқатар түзетулер ұсынған болатын. Атап айтсақ, заң жобасында Жоғарғы соттың жалпы отырысының өкілеттіктері көзделетін арнайы норма бекітілген. Сенат аталған нормаға заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты талқылауды көздейтін түзетулер енгізді. Бұл норма сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау, сондай-ақ сот төрелігін іске асыру кезіндегі судьяның тәуелсіздігі принциптері сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жасалған еді. Бұдан бөлек, сенаторлар жасаған түзетуге сәйкес сот істерін қарау кезінде заңдылықты бұзуға жол берген материалдарды Сот жюриіне беру туралы норма қамтылып отыр. Мәжіліс бұндай ұсыныстарды толығымен қолдап отыр.