Маманның айтуынша, алдағы уақытта сот жүйесінің Кеңес одағынан қалған бес сатылық (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалаушы және қайталама қадағалаушы) жүйесінен дамыған елдердегі сияқты үш сатылық жүйеге өту қажет.
«Бізге Кеңес одағынан бес сатылық жүйе «мұраға» қалды. Қазір шетелдіктер оны түсінбейді. Оларда кассация қадағалаушы органның рөлін атқарады. Оларда процесс халықаралық талаптарға сай жүргізіледі. Ондай жағдайда бірінші инстанция соты, сосын апелляция (оның маңызы күшейтіліп, олар мәселені алқа отырысында қарастыратын болады), үшінші сатыда кассацияның жұмысын Жоғары сот орындайды. Бұл жерде Жоғары сот қызметкерлерінің санын көбейту керек, өйткені оларға түсетін ауыртпалық өте үлкен болады. Міне, осы жағдайда халықаралық стандарттарға біртабан жақындаймыз», - деп атап өтті маман.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы реформалары еліміздегі сот жүйесін әлемдік талаптарға жақындатады. «Мемлекет басшысы жариялаған бес институционалдық реформада ең бірінші орынға құқықтың үстемдігі, заңдылық және сот жүйесін реформалау қойылып отыр. Міне, осы бес институционалдық реформа еліміздің құқықтық жүйесін халықаралық талаптарға жақындатады. Ендігі жерде Жоғары сот ұсынған, ұлттық комиссия мақұлдаған барлық шешімдер конституциялық құқықты қорғауды дамытуға мүмкіндік береді», - дейді М. Бәшімов.