"2014 жылы республика бойынша аудандық және оған теңестірілген соттарға барлығы 1 млн 177 мың 133 азаматтық және әкімшілік істер келіп түскен. Бұлардың 668 мың 722 азаматтық іс бойынша, 385 мың 438 әкімшілік істер бойынша сот шешімдері шығып, істер қаралып аяқталды. Осы істер бойынша 98,7% сот актілері заңды және негізді деп табылды", - деп атап өттi ол.
Оның сөзiне қарағанда, 2014 жылы азаматтық істер бойынша медиация арқылы қаралған істер 2013 жылмен салыстырғанда 4 есе артқан.
"Бітімгершілік, татуласу арқылы 13 747 азаматтық іс аяқталды. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп деген сөз. Бұл мәліметтерге қарасақ, осыдан екі жыл бұрын қабылданған "Медиация туралы" заң және өткен жылы ғана Президент Жарлығымен қабылданған заңдардың жұмыс істей бастағанын көрсетеді. Сотқа дейінгі татуласу, бітімгершілікке келу, медиация қолдану арқылы аяқталған істердің саны күрт өсіп отыр", - дедi Н. Қайыпжан.