Солардың маңызды бір парасы ретінде сот органдарына енгізілген электронды ақпараттандыру технологиясын ерекше атап айтуға болады. Бүгінде сот жүйесінде күн сайын аясы кеңейтіліп келе жатқан онлайн-режимінің сот төрелігін жүзеге асырудағы мүмкіндіктері арттырылуда. Мәселен, азаматтар үшін өздеріне қатысты кез келген сот үрдісі жайлы ақпарат алу, оның барысын қадағалау осы ғаламтор желісі арқасында жеңілдей түсті.
Биыл Жоғарғы Сот өз сайтында осы ғаламтор желісі арқылы тағы бір қызмет түрін іске қосты. Ол сот істеріне қатысты азаматтарды электронды шақырту. Жалпы, бүгінгі таңда бұл шара бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдетіліп отыр. Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 129-бабына сәйкес, жеке тұлғалар, олардың өкілдері, сонымен қатар, куәгерлер, сарапшылар, мамандар және аудармашылар соттарда өздеріне қатысты қаралып жатқан кез келген іс бойынша сот отырысының немесе жекелеген процессуалдық іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін сот шақыртуы арқылы процеске келе алады. Қазір ол шара қатысушы азаматтардың ұялы телефонының абоненттік номері бойынша жүзеге асырылып отыр. Яғни, осы абоненттік номер арқылы азаматтар алдын ала хабардар етіліп, қысқа мәтінді хабарламамен шақыртылады. Бұл қызмет республика соттары және азаматтар мен заңды тұлғалар үшін өте қолайлы болып тұр.
Алайда, сотқа шақыртылғандығы туралы қысқа мәтінді бұл хабарламаларды қажеттілік туған жағдайда жұмыс берушіге көрсету үшін қағазға шығарып алу мүмкін емес. Жоғарыда айтылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының www.sud.gov.kz сайтында «Сот шақыруы» деген атпен іске қосылған қызмет бұл олқылықты жоймақ. Яғни, осы қызмет арқылы азаматтар қысқа мәтінді ақпаратты көріп, қажет жағдайда қағазға шығарып ала алады. Бұл үшін оған хабарлама келген ұялы телефонның номері және ондағы код енгізіледі. Сол кезде аталмыш қызметті пайдаланушының компьютерінде PDF форматындағы электронды сот шақыртуы жүктеледі.
Электронды сот шақыртуында хабарламаның мәтіні, азаматтың аты-жөні, немесе хабарланып отырған ұйымның атауы, ұялы байланыс абонентінің номері, жіберілген ұйымның атауы, сот отырысының өтетін жері мен уақыты көрсетіледі. Сонымен қатар, онда сот органдары Call-орталығының қысқа және бірегей номерлері, алынған уақыты, сот органдарының Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесінен алынған және Жоғарғы Соттың электронды қолымен дәйектелген мәліметтерден тұратын штрих-код болады.
Осылайша бұл электронды сот шақыртуы Қазақстан Республикасының 2003 жылдың 7 қаңтарында қабылданған №370 «Электронды құжаттар және электронды цифрлық қол қою» заңына сәйкес ресми құжат болып саналып және қағаз түріндегі құжатқа теңестіріледі. Енді тек осы мүмкіндікті еліміздің барлық өңіріндегі халық тиімді пайдалана алса игі.