Сотта Гүлдерайым Омарованың қалай өлтірілгені жайлы айтылды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында Рахман Омаровтың бұрынғы әйелі Гүлдерайым Омарованың өліміне қатысты істің алдын ала тыңдалымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды.

"25-маусымда түскі 14.00  шамасында Гүлдерайым Омарова жалға беретін пәтеріне пәтерақысын (99 мың теңге) алуға келген. Сол сәтте үйде айыпталушы Ақтолқын Сүлейменова болған. Біраздан соң екеуінің арасында  ұрыс-керіс басталады. Соның кесірінен Сүлейменова ас үй пышағын ала жүгіріп, Омарованың мойнының бір жақ бүйірінен, алдыңғы тұсынан бірнеше рет пышақ ұрған" - деді прокурор Ермек Қашағанов.
Оның сөзіне қарағанда, күдікті көп ұзамай әйелдің қимылсыз қалғанын көіп, денені  балконға шығарып, марқұмның басын пакетке орап қойған.  Ал сол күні кешкі 18:00 шамасында марқұмның баласы Досхан Кәкімов әлгі пәтерге анасын іздеп  келіп, есікті ұзақ қаққан. Кейіннен күдікті Сүлейменова оған анасының кетіп қалғанын айтқан. Алайда ол бұған сенбей үйдің бөлмелерін қарап шықпақ болады.

  "Кейіннен Кәкімов анасының қанға бөккен денесін көріп, сыртқа қашуға әрекеттенген. Алайда Сүлейменова  қылмысын жасыру мақсатында оны да өлтірмек оймен пышақ ала жүгірген. Екі арадағы кикілжің барысында әйелдің қолындағы пышақ Кәкімовтың саусағын кесіп кеткен. Абырой болғанда,Досхан пәтерден сытылып шыға алыпты. Осылайша Сүлейменова Ақтолқын ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлімімен, 24-бабының 3-бөлімімен, 99-бабының 2-бөлімімен қарастырылған қылмыс жасады деп айыпталып отыр", - деді прокурор Ермек Қашағанов.

Ал сотталушының адвокаты Умаров қылмыстық істі прокурорға қайтаруды сұрады.  Оның пікірінше, айыптау актісінде жазаны жұмсарту мәселелері қарастырылмаған.

"Сүлейменова өзінің кінәсін толық мойындап, істегеніне өкініп отыр. Ол Омарованың баласын өлтіргісі келмеген. 24-баптың 3-бөлімі негізсіз қосылып отыр. Алып тастауыңызды сұраймын. ҚР ҚК 99-бабының 1-тармағын ҚР ҚК 106-бабына ауыстыруды сұраймын. Яғни, менің қорғауымдағы әйел Омарованы өлтіргісі келмеген. Ол Омарованың денсаулығына қасақана зиян келтірді. Бірақ әдейі өлтіргісі келген жоқ", - деді адвокат Умаров.

Алайда судья Умаровтың өтінішін қанағаттандырмады. Басты  сот отырысы 5 қарашада 15.00-де өтетін болды.

Сотқа жәбірленуші ретінде марқұмның әпкесі мен ұлы Досхан Кәкімов қатысып отыр.

Қайғылы оқиға 2018 жылдың 25 маусымында болған еді.

Гүлдерайым Омарова Ақкент шағынауданындағы пәтерін жалға беріп келген. Маусымның 26 күні ол жалға алу ақысын алу үшін пәтер жалдаушыларына барған.

Сол кезде пәтер қожайыны мен жалдаушылар арасында ұрыс пайда болған.

Дау-дамайдың арты қайғылы жағдайға ұласты. 

Соңғы жаңалықтар