Сотта Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сотталушылар мен куәгерлерден жауап алынып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан Республикасының бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот талқылауында сотталушылар мен куәгерлерден жауап алу басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Сот, отырыста процесс қатысушыларының пікірін тыңдап, ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 344-бабын басшылыққа ала, қаулы етеді: сот тергеуі айыбын мойындайтын сотталушылардан, эпизодтар бойынша куәгерлерден, тізімге сәйкес, айыбын мойындамайтын сотталушылардан жауап алудан басталсын, кейін іс бойынша жазбаша және заттай айғақтар тексерілсін», - деді Астана қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әділхан Шайхисламов сот отырысында.

Жауап алу «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаевтан басталды. Осы іс бойынша 20-дан астам адам жауапқа тартылған.

Еске сала кетсек, 31 қазанда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті.

10 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын хабарлаған болатын. Ұлттық бюродан мәлім еткендей, ол бірқатар адаммен алдын ала келісіп, ірі көлемде бірнеше мәрте пара алды деп айыпталуда. Бишімбаев Қызылорда қаласында әйнек шығаратын және өңдейтін зауыт салу барысында «Orda Glass» ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы 1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. 12 қаңтар күні Астана қаласы Алматы аудандық №2 соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты оны «қамауға алу» туралы санкция берді. Тергеу нұсқасы бойынша, Бишімбаев заңсыз жолмен алған ақшалай қаражаттарын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.