Сотта Мұхтар Әбіләзовтің тағы бір қылмыстық желісі әшкереленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қашқын банкир Мұхтар Әбіләзов пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық істі қарау одан әрі жалғасуда. Прокурорлар екі апта бойы БТА банктің ақшасын оффшорлық компаниялардың шотына шығару бойынша астыртын әрекеттер сұлбасына жан-жақты зерттеулер жүргізіп жатыр.

Бүгін түстен кейін жалғасқан сот отырысында айыптаушы тарап Мұхтар Әбіләзовке БТА банктен шамамен 145 миллион АҚШ долларын жымқыруға мүмкіндік туғызған қылмыстық кестеге келіп тоқтады. Бұл алаяқтық әрекет Сейшель аралдарында тіркелген «Toros Ltd» компаниясының көмегімен жүзеге асырылған.

«2006 жылдың 7-ші желтоқсанында «Toros Ltd» компаниясының директоры Дженнифер Рене «ТұранӘлембанкі» АҚ-нан банктің атқарушы директоры А. Жанқұлиеваның атына несие алуға өтініш берген. Осы өтініште аталған тұлғаны 144 миллион АҚШ доллары көлеміндегі сомаға қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру туралы жазылады»,- деп хабарлады сот отырысында зардап шеккен тараптың өкілі Талғат Амантай.

Банктен алған несиеге Ресей Федерациясының Мәскеу облысынан 11 жер учаскелерін сатып алу көзделген. Сонымен қатар, өтініште қаражаттың «Mitchell Technologies» компаниясының 100 пайыздық акциясын сатып алуға қажет болғандығы анық көрсетілген. Атап айтарлығы, жоғарыда аталған компаниялардың барлығы бір күндік іс-әрекет үшін құрылғаны белгілі. Мұхтар Әбіләзов ол компанияларды жалған тұлғалар арқылы бақылауда ұстағаны мәлім болды.

Сайып келгенде, банкте бұрыннан қалыптасқан ішкі талаптар өрескел бұзылады. Мысалы, кепілдікке ешқандай мүлікті қоймастан банктің аймақтық несие комитеті аталған қарызды беру туралы шешім қабылдайды. Немқұрайдылықпен шығарылған шешім бойынша барлық құжаттарға қол қойылғаннан (БТА банкте мұндай іс-әрекеттер сырттай жүзеге асырылып отырған) кейін,  «Toros Ltd» компаниясының шотына 144 миллион АҚШ доллары аударылады.

Алайда ақша жымқыру кестесі мұнымен бітпейді. 2008 жылдың 29-шы сәуірінде «Toros Ltd» компаниясы өзінің «БТА банкі» АҚ-ның алдындағы қарызын «Brocley Holding SARL» компаниясына аударады. Сол кезеңде «Toros Ltd» компаниясының қарызының көлемі шамамен 128 миллион АҚШ долларын құраған. Содан кейін Мұхтар Әбіләзовтің ұйымдасқан қылмыстық қауымдастығының жетекшілері ұрланған аса қомақты ақшаны шетелдік банктердің әртүрлі шоттарына аударып отырған.

Айта кетелік, қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтің қылмыстық ісі бойынша басты сот отырысы ағымдағы жылдың 3-інші сәуірінде басталды. Оған Алматы қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Мартбек Кәкімжанов төрағалық етуде. Сот отырыстарына үш мемлекеттік айыптаушы, сотталушылардың қорғаушылары және БТА банкінің өкілі қатысуда. Қылмыстық істің жалпы көлемі 2 224 томнан тұрады. Айыптаушылар тізімінде 200-ден астам куәгерлер бар. Мұхтар Әбіләзовтің өзі алғашқы сот отырысынан бастап сотқа келген жоқ. Оның мүддесін мемлекет белгілеген қорғаушы Анжелика Әжіғұлова қорғайды. Айтпақшы, алғашқы сот отырысында-ақ сотталушылар мен қорғаушылардың ешқайсысы қылмыстық істі бас фигуранттың қатысуынсыз қарауға қарсылық білдірген жоқ.