Сотта нақты екі шешімнің біреуі ғана қабылданады - Бас прокурордың бірінші орынбасары

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қылмыстық кодекстің қазіргі нұсқасынан істі қосымша тергеуге жіберуді алып тастау қажет.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Оталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель осындай пікір білдірді.

«Біз осы саладағы жағдайды зерделеп шықтық. Соңғы бес жылдың ішінде 4,5 мың рет істі қосымша тергеуге жіберу жөнінде шешім шығарылды. Ондайда тергеу амалдары қайта басталып, куәгерлер екінші рет сотқа шақырылады. Оған көп адамдардың көңілі толмайды. Біздіңше, қосымша тергеуді алып тастаудың арқасында сот қамау немесе ақтау бойынша нақты екі шешімнің біреуін қабылдайды. Әрине, тергеу кезінде кейде қандай да бір олқылықтар орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайда соттың кінәлі азаматты ақтап шығуы да ықтимал. Алайда бұл жолмен барлық дамыған мемлекеттер жүрген. Сол арқылы олар тергеудің сапасын көтерді», - дейді И.Меркель.

Бас прокурордың орынбасары атап көрсеткендей, Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің жаңа нұсқасын 2015 жылы қолданысқа енгізу көзделіп отыр.