«Шамамен 2010 жылдың аяғы мен 2011 жылдың басында маған Сейітқазы Матаев келді. Бұған дейін жақын таныс емес едік, мен оны сырттай танитынмын. Ол менен «Ұлттық баспасөз орталығы» қоғамдық бірлестігіне адал ниетпен қарауымды өтінді және «Қазақтелеком» АҚ қызметі туралы материалдарды жариялау қызметін көрсететінін, 2007 жылдан бері еш мәселе туындамағанын хабарлады», - деді Б. Маханбетәжиев.
Түсініктеме арқылы оның С.Матаев өтінішіне келісім бергені және тендер өткізгенде оған барынша көмектесуге уәде бергені анықталды. Сонымен бірге, олар алдағы уақытта атқарылған жұмыс актілеріне тез қол қоюға, қаражатты уақытында төлеуге және өзге де мәселелерді шешуге уағдаласқан.
«2011 жылдың көктемінде «Қазақтелеком» АҚ қызметі туралы бұқаралық ақпарат құралдарына жарнамалық-ақпараттық материалдарды орналастыру бойынша қызметтерді сатып алу жөніндегі тендер өткізілді. Бірақ, тендер өтті деп саналмады. (....) Содан кейін «Ұлттық баспасөз орталығы» қоғамдық бірлестігімен келісімшарт жасау туралы шешім қабылданды», - деп ұғындырды «Қазақтелеком» АҚ өкілі.
Өз түсініктемесінде Б. Маханбетәжиев конкурстық өтінімдердегі бағалардың БАҚ бекіткен прайс-листтен емес, С.Матаев жасаған «Ұлттық баспасөз орталығы» ҚК өтінімінен алып көрсетілгенін айтты.
Батыр Маханбетәжиев атқарылған жұмыс актілерін тексермегенін мойындады. С.Матаевтың ар-ұятына сенгендіктен тексеріс жүргізбегенін айтты. Ақырында қызметтердің көтеріңкі бағамен жазылғаны анықталды.
Атап өткен жөн, Қылмыстық кодекстің 65-бабына сәйкес, шын өкініп, тергеуге көмек бергені үшін «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Тергеу бойынша, Сейітқазы Матаев «Қазақтелеком» АҚ-ның 143 млн теңге қаражатын жымқырған.