Олардың барлығы Нұрайдың Шерхан Аймаханның үйіне өз еркімен барғанын, тұрмысқа шығуға қарсы болмағанын және үйдегілермен еркін сөйлескенін айтты. Куәгерлердің бұл жауаптары қаза болған қыздың ата-анасына ауыр тиді.
Сот отырысы барысында сотталушының әкесі Әлмахан Мәкенов, анасы Айгүл Мәкенова, ағасы Дархан Мәкенов, кәмелетке толмаған інісі Нұрхан Аймахан, әпкесі Ләйла Мәкенова және әкесінің қарындасы Фатима Мәкенова жауап берді.
Қорғау тарапының куәгерлері оқиға барысын бірдей сипаттады. Олардың айтуынша, Нұрай туыстарымен еркін сөйлескен, күлімсіреп отырған, үйден кетуге әрекет жасамаған, тұрмысқа шығуға келісім бергені туралы қолхат жазған, орамал тағуға келіскен. Кейін құдалар келер алдында жуынып, киім ауыстырып, дайындалу үшін ауылға апаруды сұраған.
Бейнебайланыс арқылы жауап берген Ләйла Мәкенова Нұрайды ауылға бірге апарғанын, онда қыз киім ауыстырғанын, кейін Шерханмен бірге дүкенге барғанын айтты.
— Ешқандай қысым байқамадым. Ол еркін сөйлесті. Тек «Менің ата-анам бұған келіспейді» деп айтты, — деді куәгер.
Сот барысында төрағалық етуші судья оқиғаның мән-жайына қатысты сұрақтар қойып, куәгерлерден айтылған деректерді түсіндіруді сұрады. Атап айтқанда, Нұрайдан келісім қашан алынғаны, оған орамалдың қай кезде тағылғаны және қолхат қандай жағдайда жазылғаны нақтыланды.
Сот отырысында сотталушының әкесінің қарындасы Фатима Мәкенованың жауабы ерекше назарға ілікті. Ол Нұрайды «келін» деп атап, жастар арасында махаббат болғанын және қыздың Шерханға тұрмысқа шығуға ниеті болғанын мәлімдеді.
Бұл сөздер қаза болған қыздың жақындарының жанына батты. Сот аяқталғаннан кейін Нұрайдың анасы эмоциясын ұстай алмай, жылап жіберді. Ол сотталушының туыстарына қарап, осы уақытқа дейін қызының қазасына байланысты неге ешкім кешірім сұрамағанын айтты.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаровтың сөзінше, сотталушы туыстарының өкініш білдірмеуі Нұрайдың отбасына қатты әсер еткен.
— Мені таңғалдырғаны әрі қынжылтқаны — туыстарының ешқайсысы тіпті өкініш білдірмегені. Керісінше, барлығы Нұрайдың тұрмысқа шығуға өз еркімен келіскенін және сотталушының үйіне өзі барғанын дәлелдеуге тырысты. Біздің ойымызша, бұл шындыққа сәйкес келмейді, — деді адвокат журналистерге.
Оның айтуынша, Нұрайдың ата-анасы Фатима Мәкенованың қызды «келін» деп атағанын ауыр қабылдаған.
— Дәстүріміз бойынша қызды «келін» деп тек «беташар» рәсімінен кейін атауға болады. Ондай рәсім болған жоқ. Сондықтан бұл сөз Нұрайдың ата-анасына қатты әсер етті, — деді Аянхан Омаров.
Адвокат сондай-ақ қаза болған қыздың туыстары соттан кейін сотталушының кәмелетке толмаған інісі Нұрайдың анасына қарап күлгенін айтқанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл жағдай анасының қайғысын одан әрі үдеткен.
Түскі үзілістен кейін сот қылмыстық іс бойынша жазбаша материалдарды зерттеуді жалғастырады. Мемлекеттік айыптаушы тергеу материалдары мен айыптауға негіз болған сараптама қорытындыларын жариялауға кіріседі.
Еске салайық, тергеу нұсқасы бойынша, 2025 жылдың қазанында Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайды «алып қашу» рәсімі арқылы некеге мәжбүрлеу мақсатында алып кеткен.
Айыптау тарапының мәліметінше, қызды ата-анасы үйіне алып кеткеннен кейін де сотталушы оны аңдуын жалғастырған. Тергеу дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 11 қаңтарда ол Нұрайды үйінің маңында күтіп, оған 35 рет пышақ жарақатын салған.
Сотталушыға адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және аңду (сталкинг) баптары бойынша айып тағылған.