Соттағы бітімгершілік: Бұрынғы билер институты жаңғыра ма

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда «Сотқа дейін және соттағы татуласу» тақырыбында аймақтық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен 2018 жылдың қаңтар айынан бері жобалық менеджмент әдісімен жеті топ жұмыс істеуде. Олар өңірлерді аралап, медиация институтының жұмысын жандандыру, татуластыру орталықтарын көптеп ашу жөнінде ұсыныстарымен бөлісіп жүр.

Қостанайға «Сотқа дейін және соттағы татуласу» жобасы шеберінде жұмыс істеп жатқан топ өңірге келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиынға ҚР Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен, «Бірлесе даму» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қоры қоғамдық қорының президенті Нұргүл Қарағойшина, облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев және сот төрағалары мен судьялар,  құқық қорғау саласының мамандары қатысты.  

Басқосуда баяндама жасаған Сағатбек Сүлеймен елімізде жыл сайын сотта қаралатын істер санының еселеп өсіп жатқандығын алға тартты.

«Ежелден аталы сөзге тоқтап, сөз қадірін білген, аңғалдығы мен адалдығын жоғалтпаған дана халық едік. Дәстүрлі құндылықтар құнсызданып, материалдық игіліктер көбірек дәріптелетін бүгінгі қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімі азайып, қатігезденіп барамыз. Ажырату оңай шешілетін шаруаға айналды. Бұл әлеуметтік құбылыспен қоғам болып бірігіп күресуіміз керек. Ажырасу алдында тұрған отбасыларға ақсақалдардың кеңесі, медиаторлар мен кәсіби  психологтардың, жастар саясатымен айналысатын ұйымдардың жүйелі көмектері қажет. Ата-бабамыздан мирас болған келісім мәдениеті өз мәнін жоғалтқан. Сотты адамдар өш алудың құралына айналдырған. Сол себепті, жанжалдасып қалған адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, оны ушықтырмай бітімгершілікпен, ымырамен шешу жолдарын көрсетуіміз керек», - дейді Сағатбек Сүлеймен.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өршіп тұрған даулардың көпшілігі - отбасылық жанжал. Атап айтқанда, некені бұзу, баласын, ата-анасын, жұбайын асырау үшін алимент өндіру сияқты даулар көбейген. Мәселен, 2013 жылмен салыстырғанда 2017 жылы сотқа түскен істер мен арыздар саны 2 есеге, яғни 1,4 миллионнан 2,7 миллионға дейін өсті. Қостанай облысында былтыр - 3562, 2018 жылдың 6 айында 1624 отбасының шаңырағы шайқалды. Салдарынан жылына 6 мыңға жуық бала отбасында толыққанды тәрбие алмайды.

Сот ардагерлері де тұрмыстық ұсақ дауларды сотқа жеткізбей, өзара шешу керектігін, бұрынғы билер институтын жаңғыртып, жас ұрпақты соған тәрбиелеу керектігін айтты. Қазірдің өзінде Қоғамдық даму министрлігі медиация институтын жетілдіру мақсатында «Жол картасын» әзірлеп жатыр. Бұдан бөлек, Жоғарғы соттың Кәсіподақтар федерациясымен жасалған меморандумы аясында өңірлерде татуласу кабинеттері ашылып, насихат жұмыстары жүргізілуде. Мұндай орталықтарда медиаторлар, психологтар, заңгерлер, ақсақалдар бірігіп дауды шешеді, кеңестер беріледі, кешенді көмек көрсетеді.

Конференция барысында облыстық соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев өңірде бітімгершілік бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Қостанай облысының медиаторлар қауымдастығының сайтында дауларды шешудің түрлі аспектілері бойынша бөлімдер жасалған. Сайттың басты парағында облыс судьяларының медиация мәселелері турасында мақалалары жарық көріп тұрады. Жалпы, облыста жергілікті атқарушы органдардың ықпалымен 43 медиация кабинеті ашылған. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, облыстық сотқа ағымдағы жылдың мамыр мен қазан айы аралығында түскен 176 істің 41-і бітімгершілікпен аяқталды. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап «Соттағы бітімгершілік рәсімі» пилоттық жобасына Рудный, Арқалық, Лисаков қалаларының соттары қосылды. 2018 жылдың 9 айында облыс бойынша барлығы 23713 істің 2755-і татуласу рәсімімен аяқталған.