Сотталған 19 азамат облыс прокуроры орынбасарының қабылдауында болды

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Серікбай Ерімбетов бас бостандықтарынан айырылған азаматтарға қабылдау өткізді.

Қабылдау үстіміздегі жылғы наурыздың 28-і және 29-ы күндері Петропавл қаласындағы жалпы режімдегі ЕС -164/3 және СҚО Есіл ауданы, Горный кентіндегі ерекше режімдегі ЕС - 164/4 түрмелерінде өтті.

С.Ерімбетов барлығы 19 адамды қабылдады. Қойылған сұрақтардың дені түзету мекемелеріндегі жағдайларға, шартты-мерзімінен бұрын босатуға және сот қаулыларының заңдылықтарына қатысты болды.

Сотталғандарды сондай-ақ, қылмыстардың жекелеген түрлерін криминалсыздандыруға қатысты заңнамалардың жаңа ережелері қызықтырды.

Прокуратура өкілдерінің мекемелерге сапары барысында түрмедегі жағдайға, тамақтандыру ережелерінің сақталуына, медициналық қызмет көрсету және материалдық-тұрмыстық қамтамасыз етілуге ерекше назар аударылды.