Сотталған Сәкен Мұсайбеков жаңа қызметке қалай тағайындалды – Антикор жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сәкен Мұсайбеков «Барыс» хоккей командасының бас директоры қызметіне тағайындалуына қатысты ресми түсінік берді.
Алдымен Антикор өкілі Сәкен Мусайбековтың алаяқтық жасағаны үшін сотталғанын еске салды. Бірақ, ол кезде Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (аса ірі көлемде алаяқтық жасау) сыбайлас жемқорлық бабы болып саналмаған.
— Қазір аталған 189-баптың 4-бөлігі сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс қатарына жатады. Енді аталған бап бойынша сотталған барлық тұлға мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда және басқа да салаларда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылады, — деп түсіндірді Антикор өкілі Данияр Бигайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ агенттіктің ресми өкілі заңнама 2022 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен енгізілген өзгерістерден кейін қабылданғанын айтты.
Айта кетсек, Сәкен Мұсайбеков «Барыс» хоккей командасының бас директоры қызметіне биыл 18 маусымда тағайындалды.