Сотталғандардың біразына жасөспірімдермен жұмыс істеуге тыйым салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде сотталғандардың біраз бөлігіне жасөспірімдермен жұмыс істеуге тыйым салынады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымын талқылау барысында мәлім болды.

Депутат Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, аталған құжат Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясын әзірлеуге, қылмыстық жазалау түрлерінің, қылмыс ұғымының түбегейлі түрде өзгертілуіне байланысты әзірленген болатын. «Заң жобасы бойынша Еңбек кодексіне де маңызды түзетулер ұсынылып отыр. Атап айтқанда, жасөспірімдерге білім беру, оларды тәрбиелеу мен демалыс шаралары секілді және тағы да басқа салаларда олармен жұмыс істеу мүмкіндігіне шектеу қою шеңберін кеңейту қарастырылып отыр. Бұл ретте ондай жұмыстарға кісі өлтірген, біреудің денсаулығына қасақана зақым келтірген, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсылық көрсеткен, адам саудасымен айналысқан адамдарға жол берілмейтін болады. Бұдан бөлек, халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыс істеген адамдар да осындай шектеулерге жатады», - деді Нұрлан Әбдіров. Бұдан бөлек, заң жобасымен есірткі мен психотроптық заттардың бара-бар түрлері туралы түзету енгізілген. Осылайша, елімізде есірткі заттардың айналымынан бөлек, олардың бара-бар түрлерімен күрес те күшейеді. «Өйткені, есірткіге қатты ұқсас елітетін заттардың адам өмірі мен денсаулығына келтіретін залалы есірткіден кем түспей отыр. Бұл - мемлекетіміздің алдына БҰҰ қойып отырған талаптарының бірі», - дейді депутат Н. Әбдіров.