Сотталушылардың бетоннан және гипстен жасаған мүсіндерінің байқауы өтті - СҚО

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында сотталушылардың бетон және гипстен жасаған мүсіндерінің байқауы өтті.

Бұл туралы облыстық ҚАЖ департаментінен хабарлады.

ҚАЖ департаментінің өкілі Владимир Рупиннің айтуынша, мәдени-бұқаралық шараның басты мақсаты сотталушылардың эстетикалық тәрбиесіне бағытталған.

Байқау барысында қазылар алқасы 3 туындыға ерекше баға берді. «Жауынгер» мүсіні жеңімпаз деп танылып, 10 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. 7 мың теңге екінші орынды иеленген «Арыстан» туындысына бұйырды. «Симбаның» авторы үшінші сатыдан көрініп, ол 5 мың теңгені еншіледі.

Байқауға жолданған барлық мүсіндер шаһардың мекемелері мен ұйымдарына тегін таратылады, деп атап өтті В.Рупин.