Соттарға түсетін істердің санын азайту бағытында нақты шаралар қабылдануы қажет - ҚР Судьяларының VІ съезі

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Соттарға түсетін істердің санын азайту бағытында нақты шаралар қабылдауымыз қажет.

Бұл туралы бүгін ҚР Судьяларының VІ съезінде Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми айтты.

«Біз соттарға түсетін істердің санын азайту жөнінде нақты шаралар қабылдауымыз керек. Жоғарғы сот неғұрлым тиімді рәсімдерді көздейтін іс жүргізу заңнамасын және басқа да өзгертулер мен толықтырулар әзірлеуде. Бұл ретте бізге тиісінше заң жобасын дайындау барысында Үкіметтің және басқа да мемлекеттік органдардың көмегі қажет. Сөз әкімшілік органдар қабылдайтын шешімдерге міндетті түрде сотқа дейін шағым жасау тетіктерін енгізу қажеттігі турасында болып отыр», - деді Қ.Мәми.

Жоғарғы сот төрағасының атап өтуінше, алдағы уақытта аралық соттар институтын одан әрі жетілдіру мәселесі туындап отыр. Өйткені, олардың әлеуеті әзірше толығымен пайдаланылмауда.

«Шаруашылық дауларды шешуде аралық соттардың тиімді тетік ретінде қажеттілігі көрінуде», - деді ол.