Онлайн-отырыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық процесті реформалау туралы айтып, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың басымдығын атап өтті.
«Ол үшін прокурорлар мен адвокаттардың сотта сөз жарыс жүргізуіне шынайы жағдай жасалуы, сот шешімдеріне шағымдану мүмкіндіктерінің кеңейтілуі, бірыңғай сот практикасы қамтамасыз етілуі тиіс. Соттың қорытынды үкімі процеске қатысушыларға да, жалпы қоғамға да түсінікті болуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев саяси, сот, экономикалық және әлеуметтік салалардағы барлық өзгерістерді шетелдік әріптестерімізге сауатты жеткізу керектігін айтты. Аталған жұмысты Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл Ержан Қазыханға үйлестіруді жүктеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы инвестициялық дауларды шешу мәселесін қозғады. Осы ретте Үкіметке биылғы жылдың 1 тамызына дейін Сэр Сума Чакрабартидің баяндамасында айтылған мәселелерді жан-жақты қарастыруды тапсырды. Бұл жұмысты үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктелді.