Советқазы Нұрсила лингвистикалық комиссиясының сынынан өтті-ОСК

АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекет басшысы лауазымынан үміткер ретінде ОСК-ға өтініш берген Советқазы Нұрсила Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өтті.

Лингвистикалық комиссия отырысынан соң С.Нұрсиланың емтихан нәтижелерін жария еткен лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков: «С.Нұрсила «Атамекен» деген тақырыпта жазба жұмысын жазды. Тақырыпты ашу жағынан аздап кемшін түскенімен сөйлем құрап, жаза алатыны көрініп тұр. Екінші кезең бойынша үміткер М.Әуезовтың «Абай жолы» романынан үзінді оқыды. Мәтінді ол орташа оқыды десе де болады. Себебі кейбір әріптерді жұтып қояды. Үшінші кезеңде үміткер "Мемлекеттік тіл біріктіруші күш" деген тақырыпқа сөйледі. Бұл кезеңде біздің үміткер мемлекеттік тіліміздің күші мен құдіреті жөнінде айтудан гөрі, тіл мәселесі, тілдің мәртебесі, аударма сияқты мәселелер жөнінде көп айтты. Бұл ретте үміткер тақырыпты түбегейлі ашты деп айта алмаймыз. Дегенмен оның қазақы ортада өсіп, қазақша ойлайтындығы көрініп тұр. Осының барлығын сараптай келгенде комиссия мүшелері С.Нұрсила мемлекеттік тілді меңгерген деген қорытынды шығарды»,-деді М.Жолдасбеков.

Осылайша Орталық сайлау комиссиясына сайлауға қатысу үшін өтініш білдірген 15 азаматтың 6-уы Президенттіке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өтті. Олар заңгер Сәлім Өтен, эколог- ғалым Мұсағали Дуамбеков, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. «Нұр Ислам» туристік фирмасының директоры Қанат Турагелдиев және Павлодар облысының 55 жастағы тұрғыны Советқазы Нұрсила. Аталған азаматтардың арасында Қанат Турагелдиев пен Советқазы Нұрсиладан өзге азаматтар осы уақытта қол жинау жұмыстарымен айналысуда.

Ал «Кенесары хан» қоғамдық қорының президенті, Уәлихан Қайсаров пен уақытша жұмыссыз Қанат Есжанов Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өте алмады. Осы себепті Орталық сайлау комиссиясы аталмыш үміткерлерді тіркеуден бас тартып, тиісті қаулы қабылдады. Сондай-ақ Президент сайлауына қатысатындығын білдіріп ОСК-ға өтініш берген зейнеткер Зәуре Масина өтінішін қайтарып алды.

Өзге үміткерлер, нақтырақ айтқанда, «Бастион- Аст» күзет агенттігі» ЖШС-де күзетші болып істейтін 48 жастағы Толыбай Баймурзин, «Аттан, Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек, 1954 жылы туылған жамбылдық Гүлдана Тоқбаева, 1957 жылы туылған алматылық Мая Қарамаева, 1968 жылы туылған Астана қаласының тұрғыны Адалбек Құнанбаев және «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізов мемлекеттік тіл жөнінен емтиханды алдағы уақытта тапсырады.

Осы орайда «Аттан, Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбектің мемлекеттік тілден алынатын сынаққа екі мәрте келмей қалғандығын айта кету керек. Әзірге оның тіл жөнінен емтиханды қашан тапсыратыны белгісіз.