Бүгін СҚО әкімінің орынбасары Руслан Әлішев жергілікті телеарналардың бірі арқылы онлайн брифинг ұйымдастырып, 13 сәуір күні өңірде тіркелген сырқаттың жағдайымен таныстырды.
Ақмола облысының 19 жастағы тұрғыны Ақжар, Уәлиханов аудандарында көктемгі егіске дайындық жұмыстарын жүргізуге келген. Вирус анықталғаннан кейін Ақжар аудандық ауруханасына жатқызылып, кейін Көкшетау қаласының туберкулезге қарсы диспансеріне жеткізілді.
«Эпидемиологиялық тергеу барысында онымен 32 адамның жақын қатынаста, ал 38-інің байланыста болғандығы анықталды. Бүгінде 26 адамның талдау нәтижесі келді, олар жұқтырмаған. Қалғандарының талдауы жақында дайын болады», - деді Руслан Әлішев.
Бүгінде Ақжар, Уәлиханов аудандарында 33 адам карантиндік стационарда жатыр, 37 адам үй карантиніне алынды.