«Союз ТМА-21» кемесі Халықаралық ғарыш стансасымен түйісті

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат - «Союз ТМА-21» («Гагарин») кемесі бүгін, 7 сәуір күні Мәскеу уақыты бойынша сағат 3.09-да Халықаралық ғарыш стансасымен түйісті, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Қысым теңестіріліп, түйісу торабының герметикалық жағдайы тексерілгеннен кейін люктер ашылды және жаңадан келген экипаж стансаға ауысты. Оларды Халықаралық ғарыш стансасында ресейлік ғарышкер Дмитрий Кондратьев, итальяндық ғарышкер Паоло Несполи және американдық астронавт Кэтрин Колман күтіп алды.

Адамның ғарышқа алғашы сапарының 50 жылдығы құрметіне ұшырылған «Гагарин» кемесімен Халықаралық ғарыш стансасына Ресейдің екі ғарышкері - Александр Самокутяев (командир) және Андрей Борисенко (бортинженер), сондай-ақ американдық астронавт Рональд Гаран (бортинженер) келді.

«Союж» экипажы стансада 164 күн болады және осы аралықта олар ғарышта 40 шақты тәжірибе жүргізеді.