Сөз бостандығы ең алдымен жауапкершілікті талап етеді - «БЕЛТА» бас директоры Дмитрий Жук

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Беларусь телеграф агенттігі өзара ынтымақтастық туралы келісімді бекіткен болатын. Ресми шара аяқталғаннан кейін аталған құжатты рәсімдеу үшін Минскіден арнайы келген БЕЛТА-ның бас директоры Дмитрий Жукпен ҚазАқпарат тілшісі сұхбаттасып, ТМД БАҚ-тарының ынтымақтастығына, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі сөз бостандығына, Кеден одағына қатысты пікірін білген болатын.

- Дмитрий Александрович, ТМД аясындағы БАҚ ынтымақтастығының бүгінгі деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

- ТМД аясындағы бұқаралық ақпарат құралдарының ынтымақтастығына қатысты оның сан қырлылығын әрі көп деңгейлі екендігін атап өткім келеді. Жалпы экономикалық мүдде болған жерде бұл ынтымақтастықтың өте қарқынды, жедел және де табысты дамитындығы түсінікті. Экономикалық мүдде болмай тек қана саяси жағдай орын алған кезде ақпараттық қызығушылықтың дамуы төмен болатындығы анық. Мәселен, қазіргі уақытта сіздерде Армениямен достық пейілдегі саяси қарым-қатынастар жақсы жолға қойылған, бірақ мемлекеттердің алшақ орналасуы және басқа да факторлар салдарынан тауар айналымы төмен. Міне, осыған байланысты қауымдастықтың ақпараттық мүддесі де алшақ болып отыр. Қалай болғанда да біз оқырмандарымыздың, пайдаланушыларымыздың қызығушылығын қанағаттандыруымыз қажет. Бұл бір тұсы. Екінші тұсы, қазіргі таңда ғаламтор бір жағынан көмектессе, екінші жағынан зиянын тигізеді. Мәселен, егер адам алдына нақты мақсат қойып, ғаламтордан бір нәрсе іздейтін болса оны міндетті түрде табады. Алайда, өкінішке орай ғаламтор кез келген уақытта сенімді ақпаратты бермейді. Осы орайдағы біздің ақпарат агенттігінің, толықтай алғанда журналистердің мақсаты - пайдаланушыға дереккөзіне толық сенім артуға болатын шынайы ақпаратты қайдан алуға болатындығына жөн сілтеу. Сондықтан да біздің пайдаланушылардың бағыт-бағдарын айқындауында агенттіктің атауын ескертіп отыру маңызды жайт сияқты.

- БЕЛТА қазақстандық бұқаралық ақпараттарымен ынтымақтастықтың қандай келешегіне сенім артады?

- Сіздердің агенттіктеріңізбен хабарлар алмасып, бір-бірімізге жаңалықтар жіберіп отыратын кез баяғыда-ақ келмеске кеткен. Бүгінгі таңда біз бір-біріміздің жұмыстарымызды ғаламтор арқылы, сайт арқылы қадағалап отырамыз. Егер біздерді қандай да бір ақпарат қызықтыратын болса, біз оны жаңалықтар таспамыз арқылы таратамыз. Ал, даму үрдістеріне қатысты тәжірибе алмасу, бүгінгі таңда қандай бағыттар мол табыс пен оқырман легін арттырады деген мәселелердің өзектілігі артып келеді. Дәл осы таза технологиялық бағыттар одан арғы ынтымақтастықтың іргетасын қалай алады. Тағы да атап өткім келеді, біз қаласақ та, қаламасақ жаһандық ақпараттық кеңістік бар әрі ол даму үстінде.

- Кеден одағынының жұмысына қатысты пікіріңізді білдірсеңіз. Ол Қазақстан мен Беларусьқа қаншалық тиімді?

- Толыққанды тиімділік жайында барлық алымдар алынғаннан кейін ғана сөз қозғаған жөн сияқты. Қазіргі таңда тек қана көмірсутектер бойынша ғана алымдар бар. Ал қалған позицияларда, мәселен, Беларусь үшін толыққанды экономикалық тиімділігі жайында айту әлі ерте. Екінші жағынан алып қарағанда, Астана мен Алматының дүкен сөрелерінде беларусь өнімдерінің пайда болуы мен үшін сүйсінерлік жайт. Сондай-ақ біз де Қазақстанда өндірілетін кейбір өнімдерді Беларусьта сатып ала аламыз. Міне, бұл жақсы. Біріншіден - бәсекелестік, ал екіншіден - әр түрлілік. Бірақ алымдар болып отырған кезде мен соңғы тұжырым жасауға асықпас едім.

- Қазіргі уақытта Қазақстанда Беларусьтың Мәдени күндері өтуде. Жалпы, сіздің ойыңызша, біздің елдеріміз арасындағы мәдени алыс-беріс қаншалықты маңызды?

- Бұл іс-шараның маңызы орасан зор. Өйткені, Кеңес одағы тұсында ер жетіп, білім алған біздерге Қазақстан, Украина, Қырғызстан не болмаса Молдованың қандай мемлекет екендігін түсіндірудің еш қажеті жоқ. Ал біздің балаларымызға көптеген жайтты түсіндіруімізге тура келеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, жоғарыда атап өткен мәдени күндер өкінішке орай 20 жылдан астам уақыт бойы үзіліп қалған не болмаса тоқырауға ұшыраған байланыстарымызды жалғайтын көпірге айналатындығы сөзсіз. Сондықтан да менің көзқарасымша, бұл пайдаланылуы қажет өте маңызды құрал. Мәдениет әр уақытта да қызықты. Ең бастысы, адамдар концертке барып, жағымды көңіл-күй алып қайтады.

- Сіз ТМД Бас редакторлар клубы мен Ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінің құрылуына ұйытқы болғандардың бірісіз. Бүгінде бұл ұйым қалай жұмыс істеуде?

- Бас редакторлар клубына қатысты айтар болсам, аталған клубтың негізгі ұйымдастырушыларының бірі болған Ресейдің «Жаңалықтар» агенттігі басшылығының өзгеруі оның жұмысына еш кедергі келтірмегендігі қуантады. Ағымдағы жылдың ақпан айында біз аталған клуб аясында Израильде болып, аталған елдің президенті Шимон Переспен кездестік. Оның Бас редакторлар клубымен сұхбаты ұйымдастырылды. Менің көзқарасымша, бұл біздердің басқа мемлекеттердің басшыларымен кездесуімізден өзгеше әрі қызықты болған сияқты. Менің ойымша, бұл клуб алдағы уақытта дами түсетін болады. Ол тек қана мүдде үшін қажетті клуб емес журналистердің құқықтарын қорғайтын клуб ретінде қажет-ақ. Украинадағы БАҚ-тардың жағдайы қандай болып отырғандығын қараңыздаршы. Мәселен, ғаламторда Рада депутаттарының бірі телеарна басшысын бағдарлама жасағандығы үшін соққыға шыққан ролик тарады. Менің пікірімше, мұндайға жол бермеу қажет. Одан кейін өкінішке қарай Еуропа мен Американың журналистерге қатысты санкция қолдану үрдісі пайда болды. Міне, бірнеше жыл болды бірқатар беларусь журналисіне Еуропа одағы мен АҚШ аумағына сапарлауына шектеу қою шаралары қолданылып келеді. Қазіргі уақытта бұл қара тізімнің қатары ресейлі БАҚ өкілдерімен де толықтыру үстінде. Бұл сөз бостандығына шектеу қою ғой. Демек, журналистердің құқықтарына шектеу қоятын мұндай көріністерге қарсы тұратын ТМД Бас редакторлар клубы сынды ұйымның қажет екендігі анық. ТМД ақпарат кеңесіне қатысты айтар болсам, менің білуімше, маусымның соңында Қазақстанда кезекті отырыс өтеді. Бұл ұйым өте тиімді. Ақпарат агенттіктерінің басшыларына өзара тығыз әрі етене жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

- Әңгімеміз сөз бостандығына қатысты өрбігендіктен бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ахуалға қатысты пікіріңізді білсек. Жалпы, сіздің түсінігіңізде сөз бостандығы ұғымы нені білдіреді?

- Айтуға болатын да, болмайтын да жайттар болатындығы түсінікті. Мәселен, ғайбат айту. Бізде, Беларусьта бұл Азаматтық кодекс аясында толық сипатталған. Жала жабу ғаламторда, көшеде немесе дүкенде айтылса да ғайбат сөз екендігі анық. Мұның азаматтардың өзара қарым-қатынасына әрі сөз бостандығына еш қатысы жоқ. Бұл - қарапайым бейбастық және өзінің қандай да бір пайдакүнемдік мүддесін шешу. Сөз бостандығы ең алдымен жауапкершілігі мол, еркіш адам дегенді білдіреді. Ол адам өз ісіне, өз сөзіне және болашағына жауап бере алады. Міне, біз осыны түсінген кезде ғана толыққанды сөз бостандығы турасында айта аламыз. Өкінішке орай бүгінгі таңда бізде сөз шексіздігі деген көрініс пайда болып отыр. Тарқата айтқанда, белгілі бір басылым өз ұстанымын қорғау үшін жалпы қабылданған әдеп нормалары мен құқықтарды белден басып кетіп жатады. Ал ақпараттың таралуына қатысты айтар болсам, біздің ғасыр ғаламтордың дәуірі жүріп тұрған кезең. Сондықтан да ғаламторға қойылған қандай да бір шектеу жайында айту орынсыз. Мәселен, біздің республикамызда баспасөздің 80 пайызы жекенің қолында, оппозициялық басылымдар Президент әкімшілігіндегі дүңгіршекте еркін сатылады. Міне, дәл осы жайт негізгі көрсеткіш сияқты.

Тоқ етерін айтар болсам, Батыстағыдай, мәселен, Ұлыбританиядағыдай ғаламторды заңнамалық тұрғыдан қатаң реттеп отыратын елді біздің бұрынғы кеңестік кеңістіктен іздеп табу қиынға түсері анық.

- Сұхбатыңызға рахмет!