Электр стансасын салу рәсіміне аудан әкімі Салыхан Полатов пен «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы АҚ аймақтық директоры Даулетқожа Мамыров, «Risen Energy» компаниясының бас менеджері Чампион Юань қатысты. 60 миллион долларды құрайтын жобаға Қытайдың «Risen Energy» компаниясы инвестиция салып отыр.
Жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, құрылысқа қажетті 125 гектар жер телімі берілді. Стансаға осы заманғы озық үлгідегі құрал-жабдықтары қойылады деп жоспарланған. Нысан келер жылдың басында пайдалануға берілмек. Жоба толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде тұрақты 30 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«Бүгінде қауіпсіз энергия көздерін дамыту - еліміз үшін маңызды міндеттердің бірі. Ол үшін Үкімет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалуда. Осы орайда Созақ ауданында энергетикалық кешенді дамыту үшін үлкен жобаны іске асырғалы отырмыз. Аталған істің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 100-ге тарта адам тартылады»- деді аудан әкімі Салыхан Полатов.