Созақ ауданында табиғат апатынан зардап шеккен нысандар толық жөнделді
12:06, 25 Қаңтар 2013
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақтан облысы Созақ ауданындағы табиғи апаттан зардап шеккен 42 әлеуметтік нысан мен 1949 жеке тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы кеше кешкісін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен өткен селекторлық жиында мәлім болды.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы аудандағы әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 15 құрылыс ұйымы, 68 техника және 1184 адам жұмылдырылған болатын. «Өңір басшысы А. Мырзахметовтің күнделікті Созақ ауданындағы табиғи апат салдарынан бүлінген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жөнінде селекторлық жиындар өткізіп, оның барысын тікелей өз бақылауына алғанының және облыс халқының береке-бірлігінің арқасында жұмыс нәтижелі болды. Ал, бүгін облыс басшысы дауылдан қирап, бір аптаның ішінде қалпына келтірілген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды аралап, жағдаймен жіті танысу үшін Созақ ауданында жүр», - делінген баспасөз хабарламасында.