Созақта «Созақ қасіреті» мемориалы ашылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Түркістан облысы, Созақ ауданында «Созақ қасіреті мемориалының» лентасы қиылды.

Қасірет мемориалы 30 жылдары еліміздегі ашаршылық және Созақ көтерілісінде құрбан болған мыңдаған азаматтарға арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескерткіш Созақ ауылдық округіне кіретін күре жолдың бойындағы «Жастар саябағынан» орын тепті. Демеушілер көмегімен тұрғызылған «Қасірет» мемориалында Созақ қасіреті жайлы толық мағұлұмат беретін көк тақта қойылған. Ескерткіште ҚР президенті Қасым –Жомарт Тоқаевтың үндеуінің толық мәтіні жазылған гарнит тастан тақта, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік», «Мәңгілік ел», және қуғын-сүргін құрбандары жайлы айтқан тұжырымжамаларынан үзінділер жазылған тақта бар.

Тарихымызды түгендеп, өткенімізге баға берер іс-шараға еліміздің түкпір түкпірінен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері тарихшы ғалымдармен қаламгерлер қатысты. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Берік Әбдіғалиұлы, Хангелді Әбжанов, Қали Сәрсенбаев тағы басқа ел азаматтары бұл бастамаға жоғары баға берді.

Игі істі ұйымдастырып, демеушілік жасаған атпал азамат Орынбек Ібіжанов, Бекет Тұрғараев, Сексенбай Тұрысбеков және тағы басқа қадірлі ел азаматтары екенін атап өткен жөн.