Созақтан 2,5 мыңнан астам қаракөл тоқтысы Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне экспортталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданы әкiмдiгi ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң тарапынан атқарылған мал етiн экспортқа шығару жөнiндегi жұмыстар оң нәтижесiн беруде, деп хабарлайды аталған аудан әкімі аппаратының баспасөз қызметі.

Биылғы тамыз және қазан айының бiрiншi онкүндiгi аралығында «Қарақұр» өндiрiстiк кооперативiнде өсiрiлген 2688 еркек қаракөл тоқтысы Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне экспортқа шығару үшiн сатылды.

«Бiз бұл жолы уақ малдың төлдерiн экспортқа шығарып отырмыз. Алдағы кезеңде араб мемлекеттерiне экспортқа аудан агроқұрылымдарынан уақ малдармен бiрге сиыр, түйе етiн шығару iсiн жүйелi түрде жалғастыратын боламыз. Қазiргi таңда Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне 50 мың уақ мал төлiн сату жөнiнде келiсiмшартымыз бар. Экспортқа бұл жолы тiрiдей мал төлдерiн шығардық. Келешекте Созақ ауданының Таукент кентiнде орналасқан «Таукент мал сою цехын» күрделi жөндеуден өткiзiп, iске қосу жоспарымызда бар. Оны iске қоссақ, мұздатылған еттi де экспортқа шығара аламыз»,- дедi «Дисада» ЖШС-нiң директоры Санат Сүлейманов.

Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысы - экономикасының ең негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы саласы құрайтын аграрлы аймақ. Мұнда соңғы жылдары ауыл шаруашылық саласында айтарлықтай алға басушылық байқалады. Қойдың сан түрін өсіріп, тұқымын асылдандырып жатқан да осы облыс. Соның нәтижесі ретінде мал төлін тірідей экспортқа шығару жобасын айтуға болады.  «Дисада» ЖШС басшысының алға қойған мақсаттары айқын, жоспарлары жүйелі.