Ақтөбе қаласында қазан айының 26- 30 аралығында кір тасын көтеруден әлем чемпионаты өткен болатын. Қазақстанда тұңғыш рет өтіп отырған бұл чемпионатта ауылда кір тасын көтеруші жастарды жаттықтырып жүрген Мұрат Серікбаев ардагерлер арасында қос сайыстан 73 кг салмақ бойынша алтын, ұзын циклді көтеру ережесі бойынша күміс медальдің иегері атанса, шәкірті Қобыланды Орынбасаров қоссайыс ережесінен алтын жүлде иеленді. Қос оғланымыз 24 келілік кір тасын ұршықша иіріп, 35 мелекеттен қатысқан спортшылардың арасынан топ жарып шықты. Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорттық кешенінің аспанында мемлекетіміздің көк туын желбіретіп, әнұранын асқақтатып қайтты. Бұған дейін Мұрат Серікбаев пен Қобыланды Орынбасаров облыстық, республикалық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы және Еуропа чемпионы болған.
Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары қандай байрақты бәсеке болса да олжасыз оралып көрген емес. Сонымен қатар, облыста спорттың барлық түрінен жаттығуға мүмкіндіктер қарастырылып, жағдайлар жасалған.
19:17, 09 Қараша 2016
Созақтың қос оғланы кір тасын көтеруден әлем чемпионы атанды - ОҚО
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының қос бірдей спортшысы әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.