Сөздік қорға ревизия жасап, талапқа сай нұсқаларды қалдыру керек - депутат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық заңнаманы латын әліпбине көшіру жоспарын қолға алу қажет. Бұл туралы мәжілісмен Асылбек Смағұловтың еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»  атты мақаласында латын әліпбиіне көшу мәселесін ұлттық санамызды жаңғыртудың келелі міндеттерінің бірі ретінде белгілей отырып, оның қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ 21 ғасырдағы ғылым және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты екендігін айрықша атап көрсетті. Мемлекеттік тілдегі ұлттық заңнама лингвистикасының латын әліпбиіне бейімделуі де лексикалық-терминологиялық жаңа сапалық өзгерістерді қамтитыны белгілі. Сондықтан жаңа әліпбидің қабылдануына қатысты ұлттық заңнаманы латын әліпбиіне көшіру жоспарын қолға алу, заңнама терминдерін қазақ тіліне  бейімдеу жұмысын жандандыру қажет»,-  деді ол.

Депутаттың атап өтуінше, мемлекеттік тілді дамытуға жыл сайын қыруар қаржы жұмсалып жатқанына қарамастан бұл бағыттағы жетістігіміз әлі де ойдағыдай емес. Заңнама терминдерін қалыптастыруда бірізділікті қамтамасыз етуде нақты тұжырымдалған ұстаным жоқ. Мәселен, «декриминализация» деген терминнің өзі еліміздің заңдарында «қылмыстық сипаттан арылту», «қылмыссыздандыру» деп, ал Үкімет қаулыларында «қылмыс деп танымау», «қылмыстан арылту», «декриминализациялау» деп қолданылады.

«Мұндай мысалдар жетіп артылады. Қазақ тілінің байырғы мағыналы көпнұсқалылығы, синонимдік қатарларының кеңдігі көркем әдебиетте мол мүмкіндіктер ашқанымен өзіндік ерекше талаптарға сай жасалатын заң актілерінде белгілі бір қиындықтар туғызып, нормативтік-құқықтық актілерде заң техникасының тілге қатысты талаптарын сақтамай отыр. Қазіргі заң мәтіндерін аударушылар мен терминтанушылардың арасында халықаралық терминдерді қазақшалауда сөздердің этимологиясын дұрыс пайдаланбай, оларды бұрмалап, орынсыз пайдалану жиі кездесіп жүр. Олар орыс, ағылшын, неміс және басқа да Еуропаның тілінде жүздеген жылдар бойы пайдаланып келе жатқан сөздердің барлығына қазақша балама іздеп, олардың заңдық-терминдік мағынасын бұзып отыр. Жедел жүріп жатқан жаһандану мен интеграция процесінде тілдердің де бір-біріне жақындай түскенін аңғаруға болады. Бұл жолда термин сөздердің ықпалы ерекше. Демек терминдерді жан-жақты ғылыми-практикалық зерделеуден өткізбей заң мәтіндеріне енгізуге жол бермеу керек. Әрбір терминді бекітіп, оны заң мәтіндеріне енгізбес бұрын жан-жақты ғылыми-практикалық талдаудан өткізген жөн», - деді Смағұлов.

Оның айтуынша, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін яғни, Кеңес үкіметі кезеңінде халықаралық терминдер, қысқарған сөздер аударылмай сол қалпында алынуы тиіс деген бұлжымас қағида болған. Мысалы право, космос, баланс, стаж, стажировка тағы басқа сөздер сол қалпында қолданылатын.

«Ал Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап халықаралық сөздерді жаппай қазақшалау басталып, тілімізге еніп жатқан терминдер құлаққа түрпідей тиіп, өзіміз әрең түсінетін халге жеттік. Бұл проблеманы кезінде Елбасы да атап көрсеткен болатын. Демек Тіл комитеті, Лингвистка орталығы және басқа да тілмен айналысатын ұйымдар заңдағы терминдерді дұрыстап, бірізділікті қамтамасыз ету мақсатында бұрыннан бар сөздік қорға ревизия жасап, олардың арасынан талапқа сай келетін нұсқаларды қалдыруы керек. Бұл мәселе депутаттар тарабынан былтыр да көтеріліп, арнайы депутаттық сауал жолданған болатын. Алайда бүгінге дейін қандай да бір іс атқарылғанын көріп отырған жоқпыз. Берілген жауаптан іс-шаралар бойынша жұмыстарды жоспарлаумен ғана шектелгенін көруге болады. Осы орайда жоғарыда айтылған мәселерді қайта қарастырып, тиісті шешім қабылдауды сұраймыз», - деді Мәжіліс депутаты.