Сөзге келіп, ұстасып қалған жігіт екі досын оққа байлады

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының дәмханасынан 37 жастағы екі тұрғын атыс жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Олардың  бірі есін жимастан, қайтыс болды.

Бұл туралы бүгін өткен брифингте ІІМ баспасөз қызметінің басшысы Нұрділдә Ораз мәлімдеді.

Полиция қызметкерлері оқиға орнынан нөмірі өшірілген «Байкал» тапаншасы мен 2 гильза тапқан. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, 31 жастағы ауыл тұрғыны ұсталған. Оның бұрын жәбірленушімен өзара сөзге келіп қалғандығы белгілі болды. Ұсталған адамға қатысты, 15 жылға дейін бас  бостандығынан айыру жазасы көзделген қылмыстық іс қозғалды.