S&P, Moody’s және Fitch Қазақстандағы халықаралық агенттіктер тізіміне енгізілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықаралық кредиттік рейтинг агенттіктерінің тізбесін бекіту туралы қаулы жобасын «Ашық НҚА» порталына қоғамдық талқылауға шығарды.

Фото: freepik.com

Жобаға сәйкес, тізімге үш халықаралық агенттікті Standard & Poor’s, Moody’s Investors Service және Fitch-ті енгізу жоспарланып отыр.

Құжат «Кредиттік рейтингтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы заңы жобасының 6-бабының 3-тармағын іске асыру аясында әзірленген.

Негіздемеде атап өтілгендей, қаулы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мойындайтын рейтингтері бар халықаралық кредиттік рейтинг агенттіктерін айқындауға бағытталған.

Тізімді бекіту қаулы күшіне енген күннен бастап заңның тиісті ережелерін іске асыруға мүмкіндік береді. Жобаны қабылдаған жағдайда оның әлеуметтік, экономикалық, құқықтық немесе өзге де салдары болмайды.

Қоғамдық талқылау 2026 жылғы 8 қыркүйекке дейін жалғасады.

Бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкі отандық рейтинг агенттігінің құрылтайшысы болатынын жазғанбыз.