«СП SARECO» компаниясы жыл соңында толық қуатына шығады - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында сирек кездесетін металдар өндірісі артатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың наурыз айында Степногорск қаласында сирек кездесетін металдар қоспасын шығаратын кәсіпорын «СП SARECO» компаниясы іске қосылған болатын. Тамыз айында кәсіпорынның айлық қуаты 11 тонна TREO-ға (сирек кездесетін металл оксиді көлемі) шығу қамтамасыз етілді. Алдағы желтоқсан айында толық қуаты 86 тонна TREO-ға жеткізу көзделген.

Кәсіпорын басшысы Эшмурат Пирматовтың сөзінше, қазіргі кезге дейін  14,9 мың келі сирек кездесетін металл оксиді өндірілді. Жалпы, болжам бойынша ағымдағы жылы 78 тонна өнім шығарылмақ.
 

Еске сала кетейік, 2015 жылдың тамыз айынан бастап, «Сумитомо» компаниясының акциясын қазақстандық «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ сатып алған болатын. Қазіргі кезде аталмыш компания 100 пайыз үлеспен жобаға қолдау білдіріп, одан әрі дамуына үлес қосуына мүмкіндігі бар.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының шешімен кәсіпорынның жаңа бизнес жоспары мақұлданған болатын. Осыған орай 2016  жылы бірқатар шаралар қолға алынып, сирек кездесетін металл өндірісі кешенінің өндірістік жағдайына техникалық аудит жүргізілді. Жөндеу-қалпына келтіру жқмыстарына мамандар тартылып, жылу-энерго ресурстарын жеткізу қамтамасыз етілді.

Бүгінгі таңда кәсіпорынға 145 адам жұмысқа орналасып отыр. Олардың орташа айлығы 184,1 мың теңгені құрайды. Жыл соңына дейін жұмысшылар санын тағы 105 ұлғайту жоспарланған.