Екі ұшыру да сенбі, 15 тамызда жүзеге асырылды. Алғашқы Falcon 9 зымыраны жергілікті уақыт бойынша сағат 21:12-де Флоридадағы Канаверал мүйісіндегі Ғарыш күштері базасынан ұшырылды.
Зымыран бортында төмен Жер орбитасында жұмыс істеуге арналған америкалық Globalstar телекоммуникациялық компаниясының сегіз спутнигі болды.
SpaceX мәліметінше, сегіз аппараттың барлығы орбитаға сәтті шығарылды. Олардың зымыраннан бөлінуі ұшырылғаннан кейін шамамен 56,5 минуттан соң басталып, алты минутқа жуық уақытқа созылды.
Алғашқы ұшырылымнан небәрі 38 минут өткен соң екінші Falcon 9 Калифорниядағы Ванденберг Ғарыш күштері базасынан ғарышқа аттанды.
Екінші зымыран АҚШ Ғарыш күштерінің құпия USSF-366 миссиясын ғарышқа шығарды. Осы миссия аясындағы аппараттардың қандай мақсатта пайдаланылатыны туралы мәлімет жарияланған жоқ.
WAM мәліметінше, АҚШ-тың қарама-қарсы жағалауларынан екі зымыранның осындай қысқа аралықпен ұшырылуы SpaceX үшін жаңа рекорд болды.
Бұған дейін SpaceX акциялары бір данасы 135 долларға бағаланып, компания 75 млрд доллар көлеміндегі ірі IPO-ға дайындалып жатқаны хабарланған.
Ал SpaceX акциялары IPO-да сатылса, Илон Маск тарихтағы алғашқы триллионер атанатынын жаздық. Сондай-ақ SpaceX-тің IPO-сы компанияның 4 мыңнан астам қызметкерін миллионер еткелі тұрғаны да хабарланды.