SpaceX-тің IPO-ға шығуы: Илон Маск әлемдегі тұңғыш триллионер атана ала ма

АСТАНА. KAZINFORM — Илон Маскқа тиесілі SpaceX компаниясы акцияларын АҚШ қор нарығында ашық саудаға шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігі BBC-ге сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Фото: CNBS

Зымыран және спутник өндірумен айналысатын SpaceX компаниясы соңғы 24 жылда алғаш рет қаржылық көрсеткіштерін жария етті.
Компания 12 маусымда Nasdaq биржасына SPCX тикерімен (бірегей әмбебап код) шығуды жоспарлап отыр. Алдын ала бағалау бойынша, SpaceX-тің нарықтық құны шамамен 1,75 трлн долларды құрауы мүмкін. Компания IPO аясында 80 млрд долларға дейін инвестиция тартуды көздеп отыр.

АҚШ қор нарығындағы бұл алғашқы жария орналастыру (IPO) Уолл-стрит тарихындағы ең ірі мәмілелердің біріне айналуы ықтимал.

Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Илон Масктің байлығын бұрынғыдан да арттырып, оны әлемдегі алғашқы триллионерге айналдыруы мүмкін. Forbes дерегіне сәйкес, қазіргі таңда Масктің байлығы 807 млрд долларды құрайды.

Сәрсенбі күні жарияланған құжаттарда SpaceX-тің жасанды интеллект саласындағы бәсекелесі Anthropic компаниясымен жасаған келісімінің қаржылық шарттары да белгілі болды. Claude жүйесін әзірлеген Anthropic Маскқа тиесілі xAI компаниясының АҚШ-тың оңтүстігіндегі деректерді өңдеу орталықтарын пайдалану үшін жыл сайын 15 млрд доллар төлейді. xAI компаниясын жуырда SpaceX сатып алған.

SpaceX зымыран өндірісімен қатар Starlink спутниктік интернет қызметін ұсынады және жасанды интеллектпен айналысатын xAI компаниясына иелік етеді.

Сонымен қатар SpaceX құрамына бұрын Twitter атауымен танылған X әлеуметтік желісі де кіреді. Илон Маск бұл платформаны 2022 жылы сатып алған болатын.

Өткен жылы Маск электромобиль өндіретін Tesla компаниясының басшысы ретінде байлығы 500 млрд доллардан асқан алғашқы адам атанды.

IPO-ға өтінім беру Илон Масктің OpenAI компаниясы мен оның жетекшісі Сэм Альтманға қарсы сот ісінде жеңіліс тапқанынан бірнеше күн өткен соң жарияланды.

Бұған дейін Илон Маск Tesla өтемақысының арқасында әлемдегі ең алғашқы триллионер атануы мүмкін екенін жазған едік.

Камила Тайтөлеу