«Спанч Бобты алмастыратын мультфильм бар ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 1 қазан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Атырауда агроөнеркәсіп қарқынды дамиды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше түске дейін Махамбет ауданындағы «Первомайский» серіктестігінде болып, өңірдің агроөнеркәсіп кешені құрылымдарының жетекшілерімен кездесті. Шындығын айтқанда, бұл өңірде бір ғасырдан астам мерзім бойы мұнай-газ өнеркәсібі қарқынды өркендегенмен, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын дамытуға да барынша көңіл аударылуда. Мәселен, өткен жылдан бері «Первомайский» серіктестігінде тауарлы сүт өндіру кешені іске қосылып, 82 адам жұмыспен қамтылды. Мұндағы басты ерекшелік - он түрлі сүт өнімін өндіру. Осы мақсат үшін шетелден голландтық 500 голштино-фриз асыл тұқымды сиыр әкелінді. Оның ішінде 400 сауын сиыр бар. Қазір аталған серіктестікте асыл тұқымды сиырларды саууға арналған технология арқылы күніне 8 тонна сүт алынуда. Осы серіктестікке жұмысқа алынған жергілікті адамдардың орташа жалақысы 54 мың теңгені құрап отыр.

Бас басылымда «Қарттарымыз - қазынамыз» атты мақала берілген. Қоғамның зерделілігі ардагерлерге қатыстылығымен де айқындалады. Қазақ халқының атадан балаға беріліп келе жатқан игі дәстүрі - үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу. Осы дәстүр 1 қазанда болатын Халықаралық қарттар күнінің мұраттарымен дөп келіп отыр. Осы мерекеге орай, елімізде қарттарды қолдаудың айлығы өткізіліп келеді. Бұл акция осыдан бірнеше жыл бұрын ардагерлер ұйымының бастамасымен шыққан еді, содан бері ол дамып, қоғамымызда жаппай қолдауға ие болуда. Қарттарға қайырымдылық көмек берушілердің саны жылдан-жылға көбейіп, әлеуметтік көмек алушылар саны да арта түсуде. Осының өзі қоғамымызда қарттарға деген қамқорлықтың, оларға деген жанашырлықтың арта түскенін айғақтайды. Былтырғы айлыққа 1 миллионнан артық адам қатысып, қайырымдылық қаражаттары 370 млн. теңгеге артып, барлық сома 2,3 млрд. теңгеге жетті. Осының ішінде 267 мың адам қаржылай, 200 мыңнан артық адам азық-түліктік көмектер алды. Бұлардан басқа, 13 мың адам сауықтыру орталықтарына жолдама алса, 69 мың қарияға дәрі-дәрмек алуға жеңілдіктер жасалды. Сондай-ақ, 38 мың адамға газет-журналдар тегін жаздырылды, ал ауылдық жерлерде тұратын 54 мың адамның малдарына жемазық және отын түсіріп берілді.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Спанч Бобты алмастыратын мультфильм бар ма?» деген мақала басылды. Жуырда Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Зәбира Оразәлиева мультфильмдерге қатысты мәселе көтерген еді. Комитет төрайымы өз сөзінде Спанч Боб туралы мультфильмнің балалардың санасын улап жатқанын, жас жеткіншектерді бұзақылыққа итермелейтінін жеткізген. «Мұндай бұзақы мінез-құлық баланың санасында жастайынан қалып қояды. Әрбір отбасында баланың теледидар қарауына көп уақыт беретін ересек адам табылады, көпшілігі баланы теледидардың алдына жалғыз қалдырып кетеді», деген еді Зәбира Оразәлиева.Төрайымның бұл пікірінің де жаны бар. Атыс-шабысқа толы мультфильмдер қазақ экранын жаулап алғалы қашан?!

Осы басылымда «Зағип жандар да кино көреді» атты мақала жарияланды. Алматыдағы «Кинопарк» кинотеатрында ерекше бір сеанс өтті. Олай дейтініміз, кино зағип және көзі нашар көретін жандарға арналып дайындалған. Яғни киноны әдеткі үлгісінде тамашалай алмайтын жандар экран бетінде болып жатқан әрекеттердің барлығын тифлотүсініктеме берушінің дауысы арқылы ұғынады. «ДСҰ келтірген статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда әлем бойынша 285 миллиондай адам көру қабілеті нашарлығынан зардап шегеді екен. Бұл жер шарындағы тұрғындардың 4 пайызын құрайды. Ал елімізде осындай көру қабілетінде бұзылыстары бар 680 мыңнан аса адам тұрады, олардың 20 мыңы көру қабілеті төмендігінен мүгедектікке шалдыққан», - деп жазады газет.

Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін, өйткені көру қабілеті нашар адамдардың жартысына дерлігі медициналық тіркеуге тұрмайды. «Мүгедектер үшін қолжетімділік туралы айтқанда, көбіне қолайлы орта жасау үшін лифт, пандус орнату ойға оралады. Сол сияқты зағип жандардың да өз қажеттіліктері барын ескеру керек. Оларға дүкенге не кинотаетрға бару үлкен қиындық тудыратын жағдай. Өзім де көру бойынша 1-топтағы мүгедекпін. Сондықтан біздің айналысып жатқан жобамыз зағип және көзі нашар көретін жандардың құқығы мен қажеттілігіне негізделген. Сол жобаның аясында көру қабілеті нашар жандар үшін ақпараттың қолжетімді форматы деген не екенін жеткізу мақсатында тифлотүсініктеме арқылы дайындалған киноны ұсынып отырмыз», - дейді «Аржан» қоғамдық қорының атқарушы директоры Қасиет Омарова.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Все псы попадают в рай» деген материал басылды. Петропавлда «Фауна» қоғамдық бірлестігі үйсіз жануарларды жауыздықпен қырып-жоюға тосқауыл қоюды талап етуде. Оның мүшелері бұл мәселеге шенеуніктердің назарын аударуға ниетті. Бірлестік мүшесі Валентина Василенконың ұялы телефонында сұмдық фотосуреттер сақталған, яғни онда қаладағы санитарлық тазарту шаралары кезінде таяқпен ұрып өлтірілген мысықтар мен иттердің денелері түсірілген. Атап айтқанда, жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Алайда Василенконың пікірінше, бұл бап бүгінде осы салада жұмыс істемей тұр.