Спектакль көрген қыз өлімнен қалай бас тартты?

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында «Бұқаралық мәдениет пен жаңғыру: сын-тегеуріндер мен келешек» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.

Жиын барысында актер, «Артишок» театрының әртісі Шыңғыс Қапин театр өнерінің арқасында бір қызды өлімнен қалай құтқарғанын айтып берді.

«Бір көрермен бойжеткен маған хат жазып жіберді. Ол соңғы уақыттарда өмірден баз кешіп, өзіне қол салғысы келіп жүрген. Кейінірек «Артишок» театрынан Проба спектаклін көріп, райынан қайтқанын айтты. Содан соң ол Австралияға көшіп кеткен. Ол өз хатында «маған өмір сыйлағандарыңыз үшін рахмет» деді. Театр өнері адамның жан дүниесін өзгертеді. Осыдан кейін театр өнерін өлді деп айтуға бола ма?» - деді Шыңғыс Қапин.

Сонымен қатар, актер авторлық театрда жұмыс жасап жатқаны үшін бақытты екендігін жасырмады.

«Мен көп ақша таппаймын. Телеарнада, радиода біраз қосымша жұмыс жасауға тура келеді. Бірақ мен авторлық театрда жұмыс жасағанды жақсы көремін. Мен дайын ақшаға, дайын жағдайға үйренбегенмін», - деді ол.

Айта кету керек, «Проба» спектаклінде Шыңғыс Қапин белгілі балет бишісі Рудольф Нуреевтің өмірінен бір сәтті ойнайды.

Сахнада Рудольв Нуреев  (Шыңғыс Қапин) «Корсар» балетіндегі Алидің вариациясын орындауға тырысады. Туынды қандай қиындық болса да үмітті үзбей алға жетелеу идеясын көтереді.