«Спешиал Олимпикс Қазақстан» құрамасы ірі халықаралық жарыстарға қатыспақ

;АЛМАТЫ. Желтоқсанның 10-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Спешиал Олимпикс Қазақстан» (СОК) құрамасы келесі жылы Варшавада өтетін Еуропалық-Еуразия ойындарына, ал 2011 жылы  Афиныда өтетін жаздық әлемдік ойындарға қатысады.

Бұл жарыстарға қатысу мүмкіндігін спорттық нәтижелері беріп отыр. Бұл жайында СОК президенті Асылхан Самратов бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2009 жылғы спорттық мерзім СОК үшін маңызды болды. Құрама команда  АҚШ-та өткен әлемдік қысқы арнайы олимпиадалық ойындарға қатысқан. Атлеттер тау шаңғысы, шаңғы тебу, конькимен сырғанау, мәнерлеп сырғанау және хоккей ойнауда өз шеберліктерін көрсетті. Ойын қорытындысы бойынша 29 медаль жеңіп алды, оның 12-сі - алтын, 8-і - күміс және 9-ы - қола. Сондай-ақ олар Италияда, Германияда, Испанияда өткен Еуропалық турнирде спорттың әр түрі бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

«Қазіргі таңда 2012 жылы Астанада ашық қысқы Еуропа-Еуразия арнайы олимпиадасын спорттың төрт түрі бойынша өткізу идеясын көтеріп отырмыз», дейді А. Самратов.