SPF кремі D дәруменінің түзілуіне кедергі бола ма – мамандар түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM – Жаз мезгілінде күннен қорғайтын кремдерді қолдану қалыпты әдетке айналғанымен, көп адам SPF D дәруменінің түзілуіне қалай әсер ететінін біле бермейді. Мамандардың айтуынша, күннен қорғану мен ағзадағы дәрумен теңгерімін сақтау қатар жүруі керек.

Фото: Pixabay.com

Косметолог Толғанай Қайырбекованың айтуынша, күн сәулесінің теріге зияны ғылыми тұрғыда әлдеқашан дәлелденген. Ультракүлгін сәулелер пигментацияның пайда болуына, терінің ерте қартаюына және әжімдердің қалыптасуына әсер етеді.

SPF не үшін қажет?

Маман күнделікті өмірде SPF 30 және SPF 50 деңгейіндегі қорғаныс құралдарын қолдануға кеңес береді.

– SPF теріні ультракүлгін сәулелерден қорғайды. Егер адам күн астында ұзақ жүретін болса немесе демалыста болса SPF 50 кремін қолданған жөн. Ал кеңседе жұмыс істейтін адамдар үшін SPF 30 жеткілікті болуы мүмкін, – дейді косметолог Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.

Фото: видеодан кадр

Оның айтуынша, SPF құралын сыртқа шығардан шамамен 30 минут бұрын жағу керек. Ашық ауада ұзақ жүрген жағдайда қорғаныс қабатын әр екі-үш сағат сайын жаңартып отырған дұрыс.

Сонымен қатар маман күннен қорғану тек креммен шектелмейтінін айтады. Бас киім, күннен қорғайтын көзілдірік пен жеңіл жабық киімдер де теріні ультракүлгін сәуледен қорғауға көмектеседі.

SPF D дәруменіне әсер ете ме?

Эндокринолог Диана Қуанышбаеваның сөзінше, SPF құралдары шынымен де D дәруменінің түзілуін төмендетуі мүмкін. Алайда күннен қорғайтын кремнен бас тартпаған жөн.

Фото: Видеодан кадр

– Егер SPF деңгейі 30-дан жоғары болса, ол D дәруменінің түзілуін айтарлықтай тежейді. Бірақ дәрігерлер үшін ең маңыздысы – тері обырының алдын алу. Сондықтан D дәруменін күн сәулесінен емес, тағамнан немесе арнайы препараттар арқылы толықтырған дұрыс, – дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, Қазақстанның географиялық орналасуына байланысты тұрғындардың басым бөлігінде D дәрумені тапшылығы кездеседі. Бұған қоса адамдардың көп уақытын ғимарат ішінде өткізуі де әсер етеді.

D дәрумені неге маңызды?

D дәрумені сүйек жүйесінің қалыпты жұмысынан бөлек, иммунитетке, зат алмасуға және гормондық тепе-теңдікке ықпал етеді.

Оның тапшылығы сүйек сынғыштығына, иммунитеттің әлсіреуіне, балалардағы рахитке, сондай-ақ қант диабеті мен метаболикалық бұзылыстардың даму қаупінің артуына себеп болуы мүмкін.

– D дәрумені тек дәрумен емес, гормон ретінде де қарастырылады. Өйткені оған ағзаның көптеген мүшелері мен тіндерінде рецепторлар бар, – дейді эндокринолог.

Шаршау мен шаш түсуінің себебі неде?

Дәрігердің айтуынша, тұрақты әлсіздік, шаштың түсуі немесе еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі тек D дәруменімен байланысты болмауы мүмкін.

Мұндай жағдайда ферритин көрсеткішін тексеру маңызды. Ферритин ағзадағы темір қорын көрсетеді. Егер оның деңгейі төмендесе, адамда жасырын темір тапшылығы пайда болуы ықтимал.

Темірдің негізгі көздеріне қызыл ет, бауыр, теңіз өнімдері мен бұршақ тұқымдастар жатады. Ал оның сіңуін жақсарту үшін С дәруменін қатар қабылдау ұсынылады.

Мамандардың пікірінше, жаз мезгілінде теріні күннен қорғау мен ағзадағы дәрумендер деңгейін бақылау қатар жүруі тиіс. Сондықтан жылына кемінде бір рет негізгі анализдер тапсырып, қажетті жағдайда дәрігер кеңесіне жүгінген жөн.

Айта кетейік, бұған дейін, қыс мезгілінде ішу керек дәрумендер жайлы маман кеңесін жазған едік.