Spice Girls тобының құрылғанына 30 жыл толды

Британдық Royal Mail пошта компаниясы 90-шы жылдардағы әлемдік поп-мәдениеттің бір бөлігі болған Spice Girls қыздар тобына арнап тақырыптық маркалар жинағын шығарады. Kazinform бұл жайында ВВС жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Royal Mail

Серия топ мүшелерінің суреттері және олардың ең есте қалған қойылымдары бейнеленген 15 маркадан тұрады.

Оның қатарында 1997 жылғы Brit Awards марапаты және 2012 жылғы Лондон олимпиадасының жабылу салтанаты бар.

Royal Mail Дэвид Боуи мен Паддингтон аюынан бастап Лондон Олимпиадасы мен «Тақталас» сериясына дейінгі есте қалар оқиғаларға, атақты адамдар мен кейіпкерлерге арналған маркалар жиынтығын үнемі шығарады.

Биыл осы құрметке Spice Girls ие болды. Бұл жаңалыққа топ мүшелері өздерінің әйгілі ұранымен жауап берді: «Бұл — қыздар құдіреті (Girl Power)!» 

Spice Girls тобы 1996 жылы шыққан Wannabe алғашқы синглының арқасында әлемдік сенсацияға айналды, содан кейін көп ұзамай Spice альбомы шықты.

Бұл пластинка — музыка тарихындағы қыздар тобының ең көп сатылған альбомына айналды. Олардың «Girl Power» ұраны — феминизмнің танымал символы еді.

Кейіннен бүкіл әлем бойынша 100 миллионнан астам альбом сатқан Spice Girls жер бетіндегі ең табысты қыздар тобына айналды.

Spice Girls 1990 жылдардың ортасында музыкалық продюсерлер отбасы ұйымдастырған тыңдау нәтижесінде дүниеге келді. Олар Take That және East 17 сияқты сол кездегі танымал ұлдар тобына қыздардан балама жасағысы келді.

Әр қыз белгілі бір қасиетімен ерекшеленуге тиіс еді. Осылайша «қызыл шашты», «спорт сүйетін», «сәнді», «қатал» және «бэби» секілді лақап аты бар 5 қыз пайда болды.

Джерри Халлиуэль, Мелани Чишолм, Виктория Адамс (Қазіргі Бекхэм), Мелани Браун және Эмма Бантон 400-ге жуық үміткердің ішінен таңдап алынды.

Бірақ ұжым құрылған соң продюсерінен тез көңілі қалып, жаңа менеджер тауып, Virgin Records-пен келісімшартқа отырды, бұл олардың атақ-даңққа жетуіне жол салды.

Олар британ чарттарында бірінші орында тұрған тоғыз хит жазды. Оның ішінде Say You’ll Be There, 2 Become 1, Who Do You Think You Are, Spice Up Your Life және Viva Forever бар.

Топ 2020 жылы жұмысын тоқтатты, бірақ содан бері бірнеше рет концерт кезінде қайта қосылып жүр.

Spice Girls — Royal Mail марка арнаған алтыншы музыкалық топ болды.

Бұған дейін 2007 жылы — The Beatles, 2016 жылы — Pink Floyd, 2020 жылы — Queen, 2022 жылы — The Rolling Stones және 2023 жылы — Iron Maiden маркасы шыққан.

«Топ 1994 жылы құрылғаннан бері Spice Girls нағыз күшке айналды. Біз білетін ең үлкен жетістікке жеткен қыздар тобымен мақтанамыз, құрметтейміз және музыкасы үшін ғана емес, сонымен қатар өміріміздің көптеген аспектілеріне үздіксіз әсер еткені үшін жақсы көреміз», -деді Royal Mail өкілі Дэвид Голд.

Маркалар 11 қаңтарда көпшілік сатылымға шығады.