Спирометрия әдісі арқылы қандай ауруларды анықтауға болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 14 қазанда Дүниежүзілік спирометрия және өкпенің саулығы күні аталып өтеді. Мақсат – адамдарды тыныс алу органдары мен өкпені үнемі тексертіп отыруға шақыру, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кардиология және ішкі ағзалар ҒЗИ республикалық аллергология орталығының басшысы, аллерголог-иммунолог Арай Батырбаеваның айтуынша, спирометрия – өкпе көлемін және тыныс алу жылдамдығын өлшейтін, өкпе денсаулығын бағалау әдісі.

Бұл тыныс алудың барлық негізгі параметрлерін есептеуге және тыныс алу процесін көруге мүмкіндік береді.

Маман мына жағдайларда спирометриядан өту қажет дейді:

- тыныс алудың қиындауы, жөтел, жалпы әлсіздік сияқты респираторлық ауру белгілері болғанда;

- сыртқы тыныс алу функциясын, бронх демікпесін зерттеу және диагностикалау үшін;

- тыныс алу органдарының аурулары кезіндегі адамның тыныс алу жүйесінің жай-күйін бағалау үшін;

- тыныс алу қабілетін анықтау және өкпенің өмірлік қабілетін өлшеу үшін;

- өкпеден ауа ағынының қозғалысының тұрақты бұзылуымен сипатталатын созылмалы обструктивті өкпе ауруының (СОӨА) диагностикасы керек болғанда.

«Бұл анықталуы қиын, өмірге қауіп төндіретін ауру. Ол қалыпты тыныс алуға кедергі келтіреді және оны ентігу, тыныс алудың қиындауы, жөтел арқылы білуге болады. Нәтижесінде ағза созылмалы оттегі жетіспеушілігінен зардап шегеді, бұл барлық метаболикалық үдерістерге теріс әсер етеді және көбінесе мүгедектікке әкелуі мүмкін. Темекі шегу – СОӨА пайда болуының ең көп тараған себебі, темекі шегушілердің көбі өздерін сырқатпыз деп ойламайды», - дейді дәрігер.

Тыныс алу органдары мен өкпені үнемі тексертіп отыру ауруды ерте диагностикалауға, патологияларды анықтауға және оларды тиімді емдеуге, оның ішінде созылмалы обструктивті өкпе ауруын ерте анықтауға ықпал етеді.

Кардиология және ішкі ағзалар ҒЗИ дәрігерлері өкпенің жай-күйін үнемі бағалап отыру, кәсіби қызмет түрі бойынша зиянды заттарды жұтуға тура келетін, сондай-ақ темекі шегетін адамдарға қажет екенін айтады.