Спорт агенттігі лотерея нарығындағы қаражат айналымын жылына 30 пайызға дейін арттыруды болжайды

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Арнайы заң жобасы қабылданса еліміздегі лотерея нарығының айналымын жылына 30 пайызға дейін арттыру болжанады. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Лотереялар және лотереялар қызметі туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов осылай мәлім етті.

«Қазақстанда лотерея нарығы «ұйқыда» жатыр. Он жыл бұрын қалай болса, әлі де солай. Осыны заң арқылы реттегіміз келеді. Сосын халық әлгі лотерея арқылы өздерінің спортты дамытуға, жаңа нысандар салуға қаржысы жұмсалатынын білсе, онда белсенділік те арта түседі деп ойлаймыз. Біз лотерея нарығындағы қаржы айналымын жыл сайын 30 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз», - дейді агенттік басшысы. Бұл ретте Е. Қожағапанов лотерея нарығында айналым көрсеткіші артқан сайын, осы арқылы мемлекеттік бюджетке де, бұқаралық спортқа жұмсалатын шығындар да арта түсетінін мәлімдеді.

Еске сала кетсек, агенттік басшысы Е. Қожағапановтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы лотерея нарығының жылдық айналымы 5 млрд. теңгені құрайды.