Спорт қазіргі заманда үлкен позитивті роль атқарады - Сәбит Досанов

АЛМАТЫ. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Айгүл Тұрысбекова/ - Спорт қазіргі заманда үлкен позитивті роль атқарады.

Оның негізінде халықтар арасындағы бейбітшілік пен достық идеялары жатыр. Азиада ойындарының Қазақстанда өткізілуі - халықаралық қоғамдастық тарапынан біздің елімізге көрсетілген үлкен сенім. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресейдің Педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, профессор Сәбит Досанов айтты.

Осынау айтулы оқиғаның еліміздің Тәуелсіздік мерекесінің 20 жылдығында өткелі отырғанын атап көрсеткен С.Досанов, «тарихи тұрғыдан қысқа ғана мерзімнің ішінде еліміз әлем жұртшылығының алдында үлкен беделге ие болып отыр. Бізге артылып отырған сенім, осы жетістіктердің дәлелі. Бүгінде әрбір қазақстандық өз елін мақтан тұтады», - деді.

"Көптеген қазақстандықтар сияқты біздің спортшыларымыздың халықаралық жарыстардағы жетістіктерін қадағалап отыратынын жеткізген жазушы, «біз олардың әрқайсысының жетістігін еліміздің абыройына қосқан үлкен үлес деп қабылдаймыз. Бірақ біз өз спортшыларымызды дайындауымыз керек. Азиада бұқаралық спортты дамытуға қуатты серпін бола алады. Осынау салаға, әсіресе, ауыл спортына көбірек назар аударатын кез келді. Ауылдағы қарадомалақтардың арасында болашақ чемпиондар жүргеніне сенімдімін", - деді.