Спорт күні: Астанада дене шынықтыру және спорт қызметкерлерінің спартакиадасы басталды

АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласында Спорт күніне орай дене шынықтыру және спорт ұйымдарының қызметкерлері арасында спартакиада басталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Спартакиадаға еліміздің өңірлерінен 20 команда, 600-ден астам қатысушы жиналып, спорттың төрт түрі – футзал, волейбол, шахмат және тоғызқұмалақ бойынша бақ сынайды. 

Іс-шараның басты мақсаты – дене шынықтыру мен спорт саласының қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және әріптестер арасында достық қарым-қатынасты нығайту.

Спартакиаданың ашылу рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Олимпиадалық емес және бұқаралық спорт басқармасының басшысы Айдос Есеналиев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

-Спорт күні – дене шынықтыру мен бұқаралық спорттың маңызын кеңінен насихаттайтын айтулы мереке. Бүгінгі спартакиада – спорт саласының қызметкерлерін біріктіріп қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстанудың жақсы үлгісі. Барша қатысушыларға сәттілік,жеңіс және жоғары нәтижелер тілеймін, – деді Айдос Есеналиев.

Жарыс барысында қатысушылар өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетіп, командалық рух пен ұйымшылдықты танытады. Спартакиада қорытындысы бойынша үздік командалар мен жүлдегерлер анықталады.

Осыған дейін астаналықтар олимпиада чемпиондармен бірге 10 мың қадам жүрді.