Спорт күнін мерекелеуге 4,5 миллион қазақстандық қатысады

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Тамыз айының үшінші жексенбісі - Спорт күні «Салауатты ұлт - салауатты ұрпақ» акциясына 4,5 миллионнан астам адам қатысады деп күтілуде. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Тастанбек Есентаев мәлім етті.

«ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің ұйымдастыруымен, Астана қаласы әкімдігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Салауатты ұлт - салауатты ұрпақ» акциясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы акцияға Қазақстанның барлық өңірлерінен 4,5 млн. адам қатысады деп күтілуде. Шара 15-18 тамыз аралығында өтетін болады. Оның аясында жалпы спорттық сайыстар, салтанатты жиындар, дене тәрбиесі мен спортың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімдері өтеді», - деді Т.Есентаев.

Сонымен қатар Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко, Ермахан Ыбрайымов, Серік Сәпиев, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Болат Жұмаділов, Ислам Байрамуков, Мұхтархан Ділдәбеков, Олимпиаданың қола медаль иесі Арман Шылманов, «Қазақстан Барысы» турнирінің 2013 жылғы жеңімпазы Айбек Нұғымаров пен өткен жылғы атақ иесі Бейбіт Ыстыбаев және 2013 жылғы Сурдлимпиадалық ойындардың алтын медалисі Ғабит Есжанов қатыспақ.